Мәдениет

Петропавлдық тыңдарман үшін италиялық хиттер орындалды

Еріксіз бойды елітетін музыка, көңілге қуаныш сыйлайтын әндер және талантты дирижердің оркестрді басқару қимылдары. Мұның барлығы Петропавл төрінде көрініс тапты. Облыс орталығында “Сан-Ремо” италиялық музыка фестивалі ұйымдастырылды. Кеште қала тұрғындары мен қонақтары алтын қордағы туындыларды тыңдап, шаттыққа бөленді, өткен ғасырға ойша сапар жасады.

Біз италиялық әндерді сүйіп тындаймыз. Бүгінгі шараға жұбайыммен келдім. Концерт жоғары дәрежеде өтіп жатыр.

Концерт бұдан да әсерлі өтеді деген ойдамыз. Жастық шақтағы әндер шырқалуда. Жалынды шағымыз еріксіз еске түсуде.

Италиялық музыка фестивалі – Ақан сері атындағы облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрі мен белгілі дирижер Владимир Леердің бірлескен жұмысы. Кеште жергілікті әншілер де сахнаға шықты. Олар хит туындыларды шырқап, көпшіліктің көзайымына айналды.

ВЛАДИМИР ЛЕЕР, Тула облыстық губернаторлық үрмелі оркестрінің бас дирижері, РФ:

— Мен өнердегі алғашқы қадамымды баяншы ретінде жасадым, кейін трубашы болып, түрлі оркестрдің құрамында өнер көрсеттім. Жастық шағымда білімнің бәрін бойға сіңірдім: музыка мектебі, училище, консерватория, біліктілікті арттыру курстары. Кейін шетелде тағылымдамадан өтіп, кәсіби тәжірибемді шыңдадым. Осы ұзақ та жүйелі жолдың нәтижесінде дирижер атандым. Петропавлдағы тыңдармандарға қуаныш сыйлау үшін арнайы келдім.

Залда ине шаншар жер жоқ. Теріскейліктер кезінде хит болған италиялық әндерді ұмытқан жоқ. Жергілікті талғампаз тыңдарман әр шығарманы мұқият тыңдап, жүрекпен сезінді. Сахнаға шыққан таланттардың өнерін ду қол қошеметпен бағалады.

 

Жангельді Жамалиев