Қоғам

Петропавлда партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті

Жол мәселесі уақыт күттіретін шаруа емес. Оның күтіміне атүсті қарауға болмайды. Аталған түйткіл партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында қаралды. СҚО-ның жолдар желісінің ұзындығы 8 мың 400 шақырымды құрайды. Оның 2 мыңы – республикалық. Биыл аталған трассаларды күтіп ұстаумен 315 маман айналысады. Олар жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күні-түні жұмыс істейді. Бұл жайлы “ҚазАвтоЖол” ҰК облыстық филиалының бөлім басшысы Айбек Қоржымбаев айтты.

АЙБЕК ҚОРЖЫМБАЕВ, “ҚазАвтоЖол” ҰК СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

— Қыста жолдарды қар алып қалмас үшін трассаларды барлығын тексеріп, олардың бойындағы бұталарды кестік. 245 жаңа жол белгісін орнаттық. 200-ден астам су өткізу құбырын жаптық. Республикалық жолдарды күтіп ұстауға 150-ден астам техника жұмылдырылды.

Ал Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейірхат Әбілмәжіновтің сөзінше, қыста облыстық трассаларды күтіп ұстауға бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген. Бұл маңызды жұмыспен өңірде 7 серіктестік айналысады. Барлығы – 130-дан астам адам еңбек етеді және бұл іске 100-ге жуық техника тартылған.

МЕЙІРХАТ ӘБІЛМӘЖІНОВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басшысының орынбасары:

— Облыстағы аудандық маңызы бар жол желісінің ұзындығы 4 мың 400 шақырымды құрайды. Оларды күтіп ұстауға 24 ұйым жұмылдырылды. Трассаларда көктайғақ болмас үшін 3 мың тонна құм-тұз қоспасы әзірленді. Трассалар бойындағы бұталар шабылды. Облыста ауа райы күрт бұзылған жағдайда жолда қалып қойған тұрғындарға арналып 200-ден астам жылыту қосыны құрылды.

Баяндамашыларды толықтай тыңдаған партиялық бақылау комиссиясының мүшелері атқамінерлерден шалғайда орналасқан ауылдарға ерекше көңіл бөлуді сұрады. Алқалы отырыста тағы өрттің алдын алу және жарықпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

 

Нұрасыл Ахмет