«Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр!» «Белгісіз адамдар сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізді!» Осындай жалған мәліметтерді интернет-алаяқтар жәбірленушілерді үрейлендіріп, өз нұсқауларын орындату үшін қолданады. Петропавл қаласының тұрғыны дәл осындай жағдайға тап болған. Оған бөгде біреу WhatsApp арқылы хабарласып, өзін «Egov қызметкері» ретінде таныстырады. Белгісіз тұлғалар жеке кабинетіңізді бұзды, деректерді «нақтылау» және банк қосымшаларына кіруді қалпына келтіру үшін sms-пен келген кодты айтуын талап еткен. Кейін жәбірленушіге өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған адам байланысқа шығады. Осылай алаяқтар жан-жақтан қаумалап, аңғал адамды несие алуға көндіреді. Далаға кеткен ақша – 5 млн теңге. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүріп жатыр. Ұрланған қаражатты тікелей алған дропперлердің есепшоттары бұғатталды, полиция олардың иелерін анықтауда. Бұл жәбірленушіге келтірілген залалды азаматтық тәртіппен өндіріп алу мүмкіндігін береді. Жыл басынан бері облыста 500-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Оның 400-ден астамы кибералаяқтардың нұсқауымен несие рәсімдеуге байланысты.