Құқық қорғау органдары

Тұрғындарға интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары түсіндірілді

Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінде тұрғындарға интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары түсіндірілді. Құқық қорғаушымен тілдескен Айжан Майсатаева қулардың қармағына бірнеше рет түсе жаздапты. 60-ты алқымдаған жерлесіміз білімін арттыру үшін тегін кеңес беру шарасы қатысуды жөн көрген.

АЙЖАН МАЙСАТАЕВА, қала тұрғыны:

— Маған бірнеше рет алаяқтар хабарласып, өздерін банк, газ қызметі немесе басқа да ұйымдардың мамандары ретінде таныстырды. “Атыңызға несие рәсімделді” деп те айтқан адамдар болды. Алайда, мен олардың айтқанына алданбадым. Бүгінгідей ақпараттық шараны құптаймын. Жол-жөнекей тоқтап, ақыл-кеңес алғым келді.

Алаяқтар – жылы-жылы сөйлеп, жыланды інінен шығаратын немесе әлеуметтік желіде сендіре жазатын жандар. Олардың тәсілдері жайлы біраздан бері айтылып келеді. Алайда, сан соғып жатқандар әлі деп көп. Жағдайды ушықтырмау үшін не істейміз? Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Милена Балацкая білгенімен бөлісті.

МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

— Интернет-алаяқтықтың құрбаны болмас үшін келіп түскен барлық ақпаратты мұқият тексеру қажет. Егер азаматтар жолданған мәліметтерді жіті қараса, қылмыстардың санын 80-90 пайызға дейін азайтуға болар еді. Сізге банк, мемлекеттік орган немесе байланыс операторларының өкіліміз деп қоңырау шалса, айтылғанға бірден сенбеген жөн. Ұйымға өзіңіз қайта хабарласып, ресми сайттарда немесе ашық дереккөздерде көрсетілген нөмірді пайдалану керек, ал телефон арқылы айтылған нөмірге қоңырау шалмау қажет.

Тұрғындардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыру мақсатында аймақта осындай түсіндіру шаралары тұрақты негізде өткізілуде. Бүгінгі бастаманың ұйымдастырушысы – қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Өткізіліп жатқан шарада біз тұрғындарды қауіп-қатерлер туралы айтып, алаяқтықтың қалай алдын алуға болатыны жайлы ескертудеміз. Мен қуларға алданбаймын деген адамдардың өзі келесі күні алданып жатады. Яғни, білімді үнемі арттырып отыру керек. Сол үшін адам көп жүретін орталыққа келіп, халықпен тілдесуді жөн көрдік.

Ақпараттық шара “Заң және Тәртіп” республикалық акциясы аясында өтті. Көтерілген мәселе бүгінгі қоғамда аса өзекті саналады. Тек жыл басынан бері өңірде алаяқтыққа қатысты 500-ден астам қылмыс тіркелген. Ал материалдық шығын көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр.

 

Жангельді Жамалиев