Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Петропавл әдеттегідей құлпыра түсті. Бүгінде облыс орталығы “Қысқы ертегі” тақырыбы аясында безендіріліп жатыр. Жарық шамдары ілінген, түрлі мүсіндер жасалған көшелер мен алаңдар тұрғындарға және қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлайды.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, Петропавл қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің маманы:
— Негізгі мерекелік орталықтар қалалық және облыстық әкімдік алдындағы алаңдар болып табылады. Мұнда басты жаңажылдық шыршалар орнатылып, мұз айдыны, сырғанақтар, жәрмеңке аймақтары, жарық инсталляциялары мен фотозоналар ұйымдастырылады.
Мерекеге орай қала аумағында жалпы 10 алаң безендіріледі. Оның ішінде №14 орта мектептің аумағы да бар. Петропавлдың шеткері аудандарында тұратын тұрғындар да жаңажылдық думанды сезінуі тиіс. Сол үшін тізімге орталықтан алыстау орналасқан бірнеше жер еніпті.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, Петропавл қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің маманы:
— Отбасылық және балалар демалысына ерекше көңіл бөлінеді. Мерекелік безендіру мен сырғанақтар Жеңіс саябағында, «Бірлік» және «Береке» шағын аудандарының саябақтарында, сондай-ақ Пёстрое көлінің аумағында орналастырылады.
Айта кету қажет, безендіру демеушілердің қаржысына жүргізілуде. Яғни, қазынадан қаражат бағытталмайды. Мереке қарсаңында құлпырған қала тұрғындарға ұнапты.
— Жаңажылдық безендіруге 5 деген баға беремін. Себебі, мен жуырда Ресейдің Новосібір қаласында болдым. Онда да әзірлік жүргізіліп жатыр. Біздегі безендіру еш кем түспейді.
— Осы жылғы шырша өте биік, әрі әдемі екен. Оның жарық шамдары мен түрлі ойыншықтары мерекені ерекше көңілді етіп көрсетеді. Биылғы думан керемет өтеді деген сенімдемін.
— Жаңажылдық безендіру көңілден шықты. Көріп отырғандарыңыздай, жаңашылдықтар бар. Мерекені бәріміз күтіп жүрміз.
Жангельді Жамалиев