Құқық қорғау органдары

Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері қошеметке бөленді

Биыл еліміздегі мерекелер тізіміне “Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күні” қосылды. Ол желтоқсанның 13-ші жұлдызына белгіленген. Осыған орай Петропавлда салтанатты шара ұйымдастырылып, сала ардагерлері мен мамандары қошеметке бөленді. Ең алдымен жиналған қауымды облыс әкімнің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтады.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Бұл – маңызды әрі жауапты жұмыстарыңызға берілген жоғары баға. Сіздерге құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қоғамның қауіпсіздігін сақтау, сотталған тұлғаларды түзу жолға салу, әлеуметтік бейімделуге жағдай жасау сынды маңызды міндет жүктелген. Өз міндеттеріңізді абыроймен атқарып жүрсіздер.

Кезек марапаттау рәсіміне де келіп жетті. Алдымен сала қызметкерлеріне облыс әкімінің атынын Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Ортаға шақырылған мамандардың арасында Жеңіс Елубаев та болды. Азамат қазіргі таңда №50 түзету мекемесі бастығының орынбасары қызметін атқарады.

ЖЕҢІС ЕЛУБАЕВ, СҚО бойынша ҚАЖД №50 түзету мекемесі бастығының орынбасары:

— Бұл салада еңбек етіп жүргеніме 22 жыл болды. Қызметімді тергеу изоляторында бастаған болатынмын. Сол мекемеде 15 жылдай тер төктім. Кейін 2021 түзету мекемесі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалдым.

Салтанатты шара барысында сахнаға Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде еңбек етіп келе жатқан Жүсіповтер әулетінің өкілдері шықты. Бұл отбасыдан 6 адам темірдей тәртіп талап етілетін саланы таңдапты.

РУСЛАН ЖҮСІПОВ, СҚО бойынша ҚАЖД бөлім бастығы:

— Әкем түзету мекемесінде 25 жыл тер төкті. 2 ағам мен әпкем де осы бағытқа келді. “Әке көрген оқ жонар” демекші, мен де үлкендерің артынан қадам жасадым. Қазіргі таңда үлкен ағамның қызы да департаменте жұмыс істейді. Ал өзімнің балаларым әлі студент. Ізімді басса қарсы болмаймын, әрдайым қолдаймын. Мерекеміз құтты болсын!

Қазіргі таңда департамент өкілдері өңірімізде жазасын өтеп жатқан 2 мыңға жуық тұлғамен жұмыс істейді. Олардың білім алуларына, еңбек етулеріне жағдай жасайды. Салтанатты шарада көпшілік назарына түзету мекемелеріндегі цехтарда жасалған туындылар ұсынылды.

 

Ақтолқын Солтанханқызы