СҚО әкімдігі

“E-қызмет” порталы – жұмысқа орналасудың тиімді мүмкіндігі

“E-қызмет” порталы – жұмысқа орналасудың ең тиімді мүмкіндігі. Бұл тәсілді жақында ғана Жанайдар Сұлтанов пайдаланды. Ол желтоқсанның басында электронды жолмен қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің сектор меңгерушісі лауазымына қабылданды. Барлық жұмыс интернет арқылы тындырылды. Өтініш жазылды, конкурс ұйымдастырылды. Бүгінде мемлекеттік қызметкер кәсіпкерлердің өтініштерін қабылдау, мерекеде саудаға қатысты шаралар өткізумен айналысуда.

ЖАНАЙДАР СҰЛТАНОВ, қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің сектор меңгерушісі:

— Біз кәсіпкерлерге көмектесеміз. Сауда орындарын жәрмеңкелерге дайындаймыз. Өтініштер келсе, соларға жауап береміз. Мемлекеттік қызметтегі басты міндет – халыққа қызмет көрсету.

Өткен жылдан бері қалалық әкімдік тарапынан 100-ге жуық конкурс жарияланған. Соның нәтижесінде “E-қызмет” порталы арқылы 32 адам мемлекеттік қызметке қабылданыпты.

ӘЛИЯ ОМАРОВА, қала әкімі аппараты персоналды басқару қызметінің басшысы:

— Мемлекеттік қызметке үміткер азамат заңнаманы жақсы білуі тиіс. Алғашқы кезеңде тестілеу өткізіледі. Кейін жалпы құзыреттерді бағалау кезеңі бар, оған жеке қасиеттерді бағалау, математикалық және мәтіндік тесттер кіреді. Соңғы кезең – онлайн әңгімелесу. Үміткерлер ешқайда бармайды, видеобайланыс арқылы комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап береді. Жоғары нәтиже көрсеткен кандидаттар жұмысқа қабылданады.

Қоса кеткен жөн, қазір әкімдікте 7 бос жұмыс орны бар. Қызығушылық танытқан азаматтар Enbek.kz сайты арқылы “E-қызмет” порталына кіріп, конкурсқа қатыса алады.

 

Мәдина Қаби