Білім

Болашақ энергетиктер арасында олимпиада өтті

Бүгін Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде энергетиктер күніне орай студенттер арасында облыстық олимпиада өтті. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған сайысқа энергетик мамандығына оқып жатқан студенттер қатысып, өзара білімдерін сынады. Энергетик – зор үміт күттіретін мамандық. Бұл пікірмен М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті Арнал Бикош толығымен келіседі. Жас жігіт болашақта білікті мамандардың бірі болғысы келеді.

АРНАЛ БИКОШ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

— Энергетик мамандығының болашағы зор деп санаймын. Өте қызықты жұмыс. Бала кезімде сыммен ойнайтынмын, осы қызығушылығым энергетика мамандығын таңдауыма ықпал етті. Университеттен 3 студент келдік. Жеке өзім олимпиадаға 2 апта бойы дайындалым. Жақсы нәтиже көрсетемін деп ойлаймын.

Бұл мамандықты меңгеру үшін техникалық ойлау қабілеті, физика мен математикаға қызығушылық, жауапкершілік және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау талап етіледі. Себебі, қуат саласы маманының бір ғана қателігі апатқа әкеп соқтыруы мүмкін. Жалпы, ұл-қыздар тест түріндегі тапсырмалар орындады. Берілген уақыт – 40 минут.

ОЛЬГА ПУКЕМА, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің өндірістік оқыту шебері:

— Білім сайысына М.Қозыбаев атындағы СҚУ университеті, Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжі мен өзіміздің студенттеріміз қатысып отыр. Қазіргі таңда бізде мыңнан астам студент білім алады. Оның 200-ге жуығы энергетик мамандығында оқиды. Қуат саласы мамандары қоғамда әрқашан сұранысқа ие. Бұл саланы таңдайтын студенттер саны да артып келеді.

Қатысушылардың жауаптарын қазылар алқасы тексеріп, бағалайды. Олардың ішінде “Севказэнерго” АҚ-дан келіп отырған бас инженер бар. Александр Елисеевтің сөзінше, жастар бұл салаға келмес бұрын өзінің қарым-қабілетін таразылай білуі қажет.

АЛЕКСАНДР ЕЛИСЕЕВ, “Севказэнерго” АҚ бас инженері:

— Біз машина жасау және көлік колледжімен тығыз байланыстамыз. Осы оқу орнын аяқтаған жастардың кейбірі бізде жұмыс істеуде. Ұл-қыздарға айтарым, бұл салаға келмес бұрын жақсылап ойланған жөн. Себебі, істі кез келген адам атқара алмайды. Асқан шыдамдылық мен ұқыптылық қажет.

Білім сайысының соңында 15 қатысушының арасынан үздік анықталды. Бірінші орынды Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжінің студенті Артем Тиуков жеңіп алды. Екінші орынды Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің студенті Роман Казаков иеленсе, үшінші орынға жергілікті университеттің студенті Ансар Ботажанов тұрақтады.

 

Мәдина Қаби