Спорт

Ұлттық спортқа елеулі үлес қосқан жандар марапатталды

Ақан сері атындағы облыстық филармония төрінде Қажымұқан атындағы ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жылды қорытындылады. Салтанатты іс-шарада ұлттық спорттың дамуына елеулі үлес қосқан жандар марапатталды. Солардың бірі – Ербол Оспанов. Балаларға 10 жылдан бері асық атуды үйретіп келе жатқан жаттықтырушының 50-ден астам шәкірті бар.

ЕРБОЛ ОСПАНОВ, Қажымұқан атындағы ұлттық спорт түрлерінен ОБЖСМ асық ату бойынша жаттықтырушысы:

— Асық ату спортынан шәкірттерім – облыстық сайыстардың жеңмпаздары әрі жүлдегерлері, республикалық сайыстардың қатысушылары. Қазіргі таңда асық спорты жоғары деңгейде дамуда. Біздің аудандар және қала мектептері өте мықты. Сол себепті, бәсеке өте жоғары.

Бүгіні іс-шарада бапкерлермен қатар спортшылар да құрметке ие болды. Диас Смаилов – жекпе-жек шебері. Биыл спортшы 70 келі салмақ дәрежесінде жастар арасында Қазақстан чемпионы атанды. Бүгін ол Алғыс хатпен марапатталып отыр.

ДИАС СМАИЛОВ, жекпе-жекші:

— Жекпе-жекпен айналысып келе жатқаныма 10 жыл болды. Осы спортқа өзім қызықтым. Басында боксқа әуес едім. Қазір жекпе-жектен 4 дүркін ҚР чемпионымын.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қажымұқан атындағы спорт мектебінде спорттың 7 түрімен 700-ден астам оқушы айналысады.