Балабақшаның құрылысы осы жылдың ақпан айында басталған. Ғимараттың жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асады. Ашылу салтанатында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сөз сөйлеп, жаңа нысанның өңір үшін маңызын атап өтті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Осы жерде кішкентай балаларымыз алғашқы қадамдарын бастайды. Осы жерде жақсы білім алып, үлкен азамат болып шықсын. Баршаларыңызды осындай қуанышты күнмен құттықтаймын.
Жаңа балабақша заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған және жан-жақты дамуына қажетті оқу кабинеттері, ойын және спорт залдары қарастырылған.
— Бұл балабақшаның бір ерекшелігі – заманауи талапқа сай. Жасанды интеллекті қолданудың барлық жағдайы жасалған. Әсіресе жас мамандарға жұмыс істеу өте қызықты.
Балабақшаның үйге жақын орналасуы ата-аналар үшін аса қолайлы. Бұл олардың күнделікті уақытын үнемдеп, балаларының жайлы әрі ыңғайлы орында тәрбие-білім алуына мүмкіндік беріп отыр.
МИНАРА ҚАЙЫРБЕК, қала тұрғыны:
— «Жас өркен» балабақшасының ашылғанына өте қуаныштымыз. Біз осы ауданда тұрамыз. Енді бұл балабақшаға 3 балам да келеді.
Салтанатты іс-шара барысында бүлдіршіндер жиналған қауымға өз өнерлерін ұсынды. Олар ән шырқап, би билеп, өлең шумақтарын оқыды. Облыс әкімі балаларға тәтті сыйлықтар табыстады. Содан кейін өңір басшысы балабақшаның асханасына барып, жабдықталуымен танысты.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Бүгінгі таңда облыс орталығында 49 балаақша бар. Жалпы кезекте мыңнан астам бала тұр. Қазіргі таңда Уәлиханов пен Чкалов көшелерінің бойында тағы 280 орынға шақталған балабақша бой көтермек.
Қоса кетейік, білім мекемесі мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 2 млрд теңгеден астам сомаға салынды.