Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында спортты дамыту – аса маңызды міндет екені жазылған. Осыған орай Петропавлда әмбебап теннис орталығы қолданысқа берілді. Әлеуметтік тұрғыда аса маңызды нысан 2018 жылы ашылғаны көпке мәлім. Араға бірнеше жыл салып, ғимарат сыр берді, шеберлік шыңдалатын жерлерден ақау табылды. Салдарынан қолдарына ракетке ұстаған жастар жаттығуды тоқтатты. Орталық биыл қайта жаңғыртудан өтті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Өздеріңіз жақсы білетіндей, қаламыздағы теннис орталығы біраз жыл тұралап тұрды. Бұған апаттық жағдай себеп болды. Бұл мәселені шешу қажеттігін түсіндік. Тиісті қаржы қарастырылды, іске жауапкершілікпен қарайтын мердігер конкурсты ұтты. Компания өкілдерімен ауқымды жұмыс атқарылды. Нәтижесін сіз бен біз көріп отырмыз.
Жалпы аумағы 7 мың шаршы метрден асатын әмбебап теннис орталығы халықаралық стандарттарға сай келеді. Ішінде 4 корт болса, сыртта 3 корт салынған. Ойындарды 1200 адам тамашалай алады. Жаңғырту кезінде сапалы материалдар қолданылыпты. Мысалы, төсеніш сонау Америкадан жеткізілген. Қазір орталықта алғашқы сайыс өтіп жатыр. Бұл доданың деңгейіне құрметті қонақтар жоғары баға берді.
БАУЫРЖАН ДОСҚАРАЕВ, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті:
— Біздің стратегия бойынша Қазақстанның әр қаласында заманауи теннис кешені болуы қажет. Жастар жаттығу жасауы, жарыстар өтуі міндетті. Сіздерде СҚО әкімінің кубогы өтіп жатыр екен. Бұл сайыстың болашағы зор деп ойлаймын. Осындай жарыстарда балалар тәжірибе жинап, халықаралық аренаға шығады деп сенеміз.
Қайта жаңғырту жұмыстарына 388 млн теңге жұмсалған. Қазіргі таңда орталықта 275 адам жаттығады, ал қызметкерлердің штаттық саны 14-ті құрайды. Заманауи нысанда облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Жоспар бойынша қаламызда Қазақстан теннис федерациясы бекіткен алғашқы ірі дода қаңтар айында ұйымдастырылады.
Бүгін Петропавлда тағы бір айтулы оқиға орын алды. Береке ықшам ауданында “Жайлы мектеп” жобасы аясында салынған №29 мектепте теннис үйірмесі ашылды. Бұл жерде балалар ракетка ұстауды, соққы жасауды, допты қабылдауды үйренбек. Шараға аймақ басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Ауқымды жоба бастағалы отырмыз. “10 жасқа дейінгі теннис” бастамасына баршаңыз қош келдіңіздер! Бұл үйірме оқушыларды қызықтырады деп ойлаймын. Спортпен айналысыңыздар! Бізге қолдау танытқан Қазақстан теннис федерациясына алғыс білдіреміз.
Алдағы уақытта теннис үйірмесі Петропавлдағы тағы бір “жайлы мектеп” – 28-ші мектепте ашылмақ. Сонымен қатар, балабақшаларда да топтар құрылады. Мұнда тенниске икемі бар кішкентай балалар жаттығу жасамақ.
Жангельді Жамалиев