Қоғам

Петропавлда алғашқы қымызхана ашылды

Петропавлдағы алғашқы қымызхана есігін айқара ашты. Нысанның ашылу салтанатына жиылған қауымның қарасы қалың. Барлығы да алғашқылардың бірі болып дәмді қымыздан дәм татпақ ниетте. Бұл игі бастаманы қолға алған жан – Әмина Қонақбаева. Бұрымды Петропавлда қымызхана ашуды көптен бері жоспарлаған. Ол үшін нарықты зерттеген, қымыз түрлерін де қарастырған. Міне сәті түсіп бұл арман жүзеге асты.

ӘМИНА ҚОНАҚБАЕВА, қымызхана иесі:

— Барлық қалаларда қымызхана бар. Мысалы, Астанада 50-ден астам қымызхана бар. Тіпті Көкшетау қаласында да біренешеуі бар. Ал біздің Петропавлда қымызхана жоқ. Сол үшін біз нарықты зерттеп, қаламызда қымызхана ашу жөн деп таптық.

Қымызханада қонақтарға қымыздың 15 түрі ұсынылады, оның ішінде бал қосылған әрі башқұрт қымызы да бар. Сонымен қатар, тіскебасар бауырсақ, бәліш сынды нан өнімдері де мәзірге кіреді.

ӘМИНА ҚОНАҚБАЕВА, қымызхана иесі:

— Әзірге бізде 2 адам жұмыс істейді. Біреуі кассада тұрса, біреуі қонақтарға мәзір ұсынып, қымыз құяды. Алдағы жоспар – жастарға қымызды насихаттау, зиянды заттардан, ішімдіктен сақтау. Бізде сонымен қатар қазақтың ұлттық ойындарын ойнауға да мүмкіндік бар.

Таңдайдан дәмі кетпес сусын әзірге Петропавлда өндірілмейді. Оны іскер жан іргедегі Көкшетау мен сонау башқұрт елінен тапсырыспен алдыртады. Алдағы уақытта нәзікжанды келушілерге өзіміздің өңірде қайыңмен ысталған күбіде пісілген қымыз ұсынбақ. Ал болашақта кәсібі өрге жүзсе, қаламызда бірнеше қымызхана ашуды жоспарлап отыр.

Ұлан Ыдырыс