Денсаулық сақтау

Өңірдегі медициналық ұйымдарға 11,2 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі сатып алынған

“СҚ-Фармация” серіктестігі өңірлерге дәрі-дәрмек сатып алып, оны тасымалдаумен айналысады. Біріңғай дистрибьютер арқылы облысымызда 39 ұйым қамтамасыз етіледі. Оның 21-і – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемесі. Тапсырыс берушілерге талап жүктелген. Олар өтінім толтыру кезінде препараттың атауын, мөлшерін, жеткізу кестесі мен қажеттілігін көрсетеді.

АҚБІЛЕК ХАБАЕВА, “СҚ-Фармация” ЖШС СҚО бойынша өкілдігінің басшысы:

— Қоймада өткен жылғы тапсырыстан 352 түрлі дәрі қалды. Оның жалпы құны 399 млн теңгені құрайды. Ал 2025 жыл үшін 11,2 млрд теңгеге препараттар сатып алынды. Барлығы – 523 атаулы дәрі-дәрмекке тапсырыс берілді. Сонымен қатар, біз уақыт өте 2,3 млрд теңгеге қосымша дәрі сатып алуға өтінім қабылдадық.

Бүгінде серіктестіктің облыс бойынша өкілдігі медициналық ұйымдарға 9 млрд теңгенің дәрі-дәрмегін жеткізген. Бұл жалпы қордың 84 пайызын құрап отыр. Барлық тапсырыс сұраныс бойынша жөнелтіледі. Яғни, кешігу жоқ. Егер қосымша қажеттілік туындап жатса, препарат өзге өңірлерден сұратылады.

АҚБІЛЕК ХАБАЕВА, “СҚ-Фармация” ЖШС СҚО бойынша өкілдігінің басшысы:

— Биыл Солтүстік Қазақстан облысына Қостанай өңірінен эпилепсияға арналған 2 қаптама “Лакосамид” алынды. Сондай-ақ, склерозбен ауыратын науқастар үшін Абай облысынан “Пэгинтерферон бета-1а” перепараты жеткізілді. Осындай мысалдар аз емес.

Қазіргі таңда келер жылға дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алынған. 2026-ға қарастырылған аса қажет тауар өңірдегі ұйымдарға қаңтар айында жөнелтіледі. Ал мамыр айында 2027 жылға өтінім қабылдау науқаны басталмақ.