Қоғам

Заречный кентінің тұрғындары су жаңа баспанаға ие болды

Бүгін Заречный кенті тұрғындарының алғашқы легі су жаңа баспанаға ие болды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысып, қоныс иелерін құттықтады.

НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Сіздер жаңа, қауіпсіз үйлерге көштіңіздер. Баспаналар тұрғындарға тыныштық пен жайлылық сыйлайды деп ойлаймын. Мереке құтты болсын!

Көптен күткен сәт те келіп жетті. Нұрлан Маратұлы тұрғындарға біртіндеп кезек-кезекпен су жаңа үйлердің кілтін табыстады.

Құсни Майсейітованың Заречный кентінде тұрып жатқанына 15 жылдан асқан. Нәзікжанды әр көктемді “Үйімді су баспаса екен” деген үреймен өткізетінбіз, – дейді. Бұл мәселе өз шешімін тапты. Оған 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

ҚҰСНИ МАЙСЕЙІТОВА, қала тұрғыны:

— 2024 жылы баспанам қатты зардап шекті. Бұл күнге жеткеніме сенбей тұрмын. Қолдау көрсеткен, бізді далада қалдырмаған мемлекетке алғысым шексіз.

Нұрлан Маратұлы мен қала әкімі Серік Мұхамедиев әр баспанаға кіріп, жасалған жағдаймен танысты. Бөркін аспанға атқандардың арасында Русовтар отбасы бар. Ерлі-зайыпты су жаңа үйдің көңілден шыққанын атап өтті. Себебі, баспананың іші кең, жарық тартылған, жылу мен су берілген.

ГАЛИНА РУСОВА, қала тұрғыны:

— Заречный кентінде жер үйде тұрдық. Күнде пеш жағып, су әкелетінбіз. Жасарып тұрған жоқпыз. Орталықтандырылған су және жылумен қамтылған баспанаң болғанға не жетсін! Қуанышымда шек жоқ.

Бүгін 40 отбасыға су жаңа үйлердің кілті табысталды. 31-желтоқсанға дейін тағы 50 жанұя қоныс той тойлайды.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— Қазіргі таңда 72 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол Уәлиханов көшесінде орналасқан. Тағы бір 117 пәтерлі баспана тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Нысанның жобалық құжаттамасы дайын. Келесі жылдың күзіне дейін Заречный кентінің тұрғындары толық көшіріледі.

Құрылыс жұмыстарымен жергілікті “Зерттеу” серіктестігі айналысты. Әр баспанаға 2 жыл кепілдік берілген. Көппәтерлі үй “Жас өркен” ықшам ауданында орналасқан.

 

Нұрасыл Ержанұлы