Желтоқсан көтерілісі кезінде елдің болашағына алаңдаған, биліктің басынуына ашынған бірсыпыра солтүстікқазақстандық жастың да зардап шеккенін білу қажет. Соның бірі – Нұржан Қалиасқаров. Тимирязев ауданында дүниеге келген арда ұл жастайынан әділетсіздікке төзбеді, ұлт болашағына бейжай қарай алмады. Ол 1985 жылы арман қуып Алматыдағы сәулет-құрылыс институтына оқуға түсті. Алайда, көп ұзамай оның өмірі түпкілікті өзгерді. Азаматтың қилы тағдырымен танысу үшін бүгінде Петропавлда тұратын нағашы апасы Сәуле Ахметжановамен тілдестік.
СӘУЛЕ АХМЕТЖАНОВА, желтоқсаншы Нұржан Қалиасқаровтың нағашы апасы:
— Көтеріліске шыққан жастарды билік өкілдері түрмеге қамады. Сау-тамтықтарын қалдырмай ұрды. Оның ішінде Нұржан да бар. Бауырымның ішкі құрылысына қатты зақым келді.
Сәуле Ахметжанованың сөзінше, дүмпуді басуға келген әскер боздақтарды арматура, саперлік күрекпен ұрған. Өрт сөндіруші машиналардан мұздай су шашылды. Оңбай таяқ жеген Нұржан Қалиасқаров қанды оқиғадан кейін ауыратыны жайлы ешкімге айтпады. Жастықтың буымен жүре берді. Тағы бір өкінішті жайт – Алматыдан ауылға қайтуы.
НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Көтеріліске шыққаны үшін студент Нұржан бірден оқудан шығарылды. Келесі жылы қайтадан институтқа түскенімен оны құрылыс факультетінің деканы танып қалып, құжатын қабылдамаған. Талапты жас үмітін үзбеді. Жерлесіміз қайтпас қайсарлығының арқасында үшінші рет өтініш жазып, өзге факультетке түседі, білім ордасын үздік аяқтайды.
Бертін келе сырқат мазалады. 1993 жылы ауруханаға жатқызылды, дәрігерлер 1 жыл бойы желтоқсаншының өмірін сақтап қалу үшін күресті. Өкінішке қарай, ол 28 жасында өмірмен қоштасты. Айта кету керек, жерлесіміз Қайрат Рысқұлбековпен бір топта оқып, жатақханада бірге тұрған.
СӘУЛЕ АХМЕТЖАНОВА, желтоқсаншы Нұржан Қалиасқаровтың нағашы апасы:
— Нұржан Қалиасқаров өте ақкөңіл, бауырмал жан еді. Жолдастары көп болды, әлі күнге дейін араласамыз. Ол біздің мәңгі жүрегімізде қалды.
Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоғамдық қорының төрағасы Өмір Есқалидың қынабынан суырылған қылыштай жарқ еткен батырларды зерттеп жүргеніне 30 жылға жуықтапты. Оның сөзінше, қазіргі таңда азаттық жолындағы көтеріліске қатысқан 40-қа жуық жерлесіміздің ғана есімі белгілі. Алаңға шығып, із-түссіз кеткендері бар. Ал кейбірі өздері жайлы айта қоймайды.
ӨМІР ЕСҚАЛИ, Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоғамдық қорының төрағасы:
— Көтеріліске Жанна Досполова дейтін желаяқ жерлесіміз қатысқан. Ол шапшаңдығы мен ұзын аяқтарының арқасында жасақшыларға ұстатпай кеткен.
Өмір Шалабайұлының сөзінше, көптеген солтүстікқазақстандық жас еліміздің өзге де қалаларындағы қозғалыстарға қатысқан. Тіпті, Бескөл ауылында да бірнеше студент алаңға шығып, наразылықтарын білдірген. Қоғам қайраткері желтоқсаншылар Қайрат Оспанов, Жанна Досполова және Боташ Қажымов секілді жерлестеріміздің есімі жиі аталып, ұмытылмағанын қалайды.
ӨМІР ЕСҚАЛИ, Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоғамдық қорының төрағасы:
— Боташ Қажымов сол кезде Степногорск қаласында әскери қызметте жүрген. Ол Алматыда көтеріліске шыққан жастарды жамандап жатқан бастықтарына “Сіздің бұл айыптауларыңызбен мүлдем келіспеймін. Мен өз ұлтымды жақсы білемін. Жастар үлкенді сыйлайды, алдын кесіп өтпейді. Жөн сөзге тоқтайды. Ондай теріс әрекеттерге еш уақытта бармайтынына кепілдік беремін” деген болатын. Сол сөзі үшін бас бостандығынан айырылды.
Өмір Шалабайұлы кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы тұрған, із-түссіз кеткен боздақтарды іздеуді тоқтатпайды. Ол көзі тірі желтоқсаншыларға бірреттік төлем көлемі ұлғайып, көше мен мектептерге есімдері берілуі керек деп санайды.
Нұрасыл Ержанұлы