Жалынды жастар рухты аға-апаларының ерлігін біледі және өткенге құрметпен қарайды. 16-шы желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттері челлендж ұйымдастырды. 1-курс студенттері ұйымдастырған шара Желтоқсан оқиғасын еске салды. Шырқалған ән бойды тітіркендірді, алаңда тепкі көрген, шаштан сүйрелген жастарды көз алдымызға әкелді. Оқылған өлеңдер де жүрекке жетті. Қайсарлық, бірлік, бауырмашылдық пен қиындық. Мұның барлығы жалынды жыр жолдарынан табылды.
Қазақ үшін Тәуелсіздік бір күнде келген жоқ. Біз бұл тақырып жайлы сөз қозғасақ, бірнеше ғасырды қамтуымыз қажет. Жаумен күрескен ата-баба ерлігі тарихымызда тайға таңба басқандай жазылып тұр. Бұның қатарына Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың да батыл әрекетін қосуымыз керек.
ГҮЛМИРА БЕКЕНОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің тарих пәні мұғалімі:
— 16-шы желтоқсан жайлы айтар болсақ, біздің жастарымыздың бойына ең басты патриоттық сезім ұялатқан күн дер едім. Ол кезде сұмдық оқиға болды. Жастар шеруге шықты, билікке өздерінің ойларын айтты. Сол кезде әскери адамдар қарсы тұрып, олардың мысын басып тастады.
Арада 40 жылға жуық уақыт өтсе де ұрпақ Желтоқсан оқиғасын, құрбандарын және қатысушыларын білуі қажет.
ГҮЛМИРА БЕКЕНОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің тарих пәні мұғалімі:
— Жастар осындай қаралы күнді есте сақтау үшін көп жұмыс жасау керек. Олармен оқиға жайлы сөйлесіп, видеолар көрсету керек. Ең бастысы, жастардың сол кезде қалай қиналғанын ұғындырып, әрдайым шыңдықты алға тарту керек екенін айтқан жөн.
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттері бастаманың қолдау тапқанын қалайды. 16-желтоқсан – бір күнмен шектелмейтін аса маңызды мереке. Тәуелсіздік ұғымы әрдайым биік тұруы қажет. Мағжан жастары челленджді өзге білім ұяларына жолдады.
Жангельді Жамалиев