Аптадағы маңызды жаңалықтарЭкология

Тайыншада сабаннан құрылыс панельдерін шығаратын зауыт ашылды

Тайынша қаласында сабан қалдықтарынан құрылыс панельдерін шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл – Қазақстанда бұрын-соңды қолға алынбаған жоба. Бастама Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдау танытуымен жүзеге асырылды. Айтулы шарада жергілікті әкімдік пен білім ордасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат экологиялық әрі берік материалды әрмен қарай әзірлеуге негіз болмақ. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев қатысты. Ол бұл бастама өңір экономикасымен қатар, жастардың ғылым мен өндіріске қызығушылығын арттыратынын атап өтті.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Бүгін өсімдік шаруашылығы өнімдері қалдықтарынан құрылыс материалдары әзірленетін ерекше зауыттың таспасын қиып отырмыз. Бұл жоба бірнеше маңызды бағытты біріктіреді. Олар: жаңа технологиялардың еңгізілуі және ауыл шаруашылығы ресурстарын тиімді пайдалану. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесе жүзеге асырған жұмысымыз – тығыз әріптестіктің жемісі.

Зауытта өндірілетін панельдер берік, ылғал мен отқа төзімді. Сонымен қатар, олардың бағасы нарықтағы балама материалдарға қарағанда қолжетімді болмақ.

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

— Бұл зауытта егіннен қалған сабаннан құрылысқа арналған панельдер шығарылады. Бұрын жарамсыз болып жатқан сабан енді пайдалы құрылыс материалына айналады. Зауыттың осы ауданда ашылуына шикізаттың көптігі мен жол қатынасының қолайлы болуы себеп болып отыр екен.

Президент Қ.Тоқаевтің шикізатты терең өңдеу туралы тапсырмасы аясында қолға алынған бастаманың құны – 1 млрд теңге. Жоба жетекшісі, профессор Әсел Жексембаеваның айтуынша, зауытты іске қосу үшін 2 жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 20-ға жуық сынақ өткізілген.

ӘСЕЛ ЖЕКСЕМБАЕВА, профессор, жоба жетекшісі, Астана қаласы:

— Зауыттағы жүйе автоматтандырылған. Жұмысқа жергілікті 25 тұрғынды қабылдаймыз. Олар заманауи жүйенің дұрыс жұмыс істеуін қадағалап жүреді. Қондырғыға бір уақытта 5 панель салуға болады. Материал 7 минуттың ішінде дайын болып шығады. Осылайша бір күннің ішінде 300-350 панель дайындалады.

Тайынша қаласында таспасы қиылған зауытта айына 6–7 мың панель шығарылады. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыру жоспарланып отыр.

 

Мәдина Қаби