Күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер сынға түсті. Петропавлда “Таңшолпан” облыстық қазақ мәдениетінің фестивалі өтті. Шараға өңіріміздің ауыл-аймағынан 300-ге жуық талантты жас, жалпы саны – 25 ұжым қатысты. Дәстүрлі сайыс биыл “Волкал”, “Хареография” және “Аспаптық орындау” номинациялары бойынша ұйымдастырылды.
САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:
— Фестивалдің негізгі мақсаты – қазақ мәдениетін дәріптеу. Қатысушылардың саны жылдан жылға артып келеді. Дайындық деңгейі де жоғарылауда.
Фестивалдің алғашқы кезеңі онлайн форматта ұйымдастырылған. Іріктеуден өткен ұл-қыздар өз өнерлерін бүгін қалың көпшілік алдында паш етті. Қатысушылар жас айырмашылығына сәйкес 3 санатқа бөлінген. Ең кішісі 7 жаста болса, үлкендері 18-де.
НҰРАЙ ҚАНАҒАТ, “Нұр шашу” би ансамблінің мүшесі:
— Біз бұл сайысқа осымен екінші рет қатысып отырмыз. Былтыр жеңімпаз атанғанбыз. Бүгін “Тойбастар” биін билейміз.
Қазылар алқасы қатысушыларды тек орындау шеберлігіне қарай емес, әртістік өнері мен сахналық костюмдеріне дейін бағалады. Үздік атанғандар түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталды.
Ақтолқын Солтанханқызы