Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Петропавлда шырша саудасы қызады. Қазір сауда нүктелерінің қасында, көше бойларында жасыл желек сатылып жатыр. Олар қалаға қайдан жетті? Тиісті құжаттары бар ма? Осыны анықтау мақсатында облыс орталығында полиция қызметкерлерінің қатысуымен арнайы алдын алу рейді ұйымдастырылды.
ҚАЙЫРБЕК БАЙМОНКЕНОВ, қалалық ПБ бастығының орынбасары:
— Іс-шараның негізгі мақсаты – заңсыз тасымалдау, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз сауда жасау әрекеттерін анықтау. Соған байланысты қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен бірге алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Орталықтағы сауда үйінің алды жыл да жасыл желекпен көмкеріледі. Тәртіп сақшылары тілдескен кәсіпкер шырша сатумен 15 жылға жуық айналысады екен. Тиісті құжаттары бар. Полицейлер кемшілік тапқан жоқ.
ДМИТРИЙ ШТРЕБЕЛЬ, сатушы:
— Бұл – біздің тұрақты нүктеміз. Жылда осы жерде тұрып, саудамен айналысамыз. Құжаттарымыз толық, рұқсат қағаздары бар. Полиция қызметкерлерінің жұмысына түсіністікпен қараймыз. Заңсыздықтың алдын алу – мамандардың міндеті.
Айта кету керек, заңсыз саудамен айналысқан саудагерлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Алғашында ескерту беріледі, кейін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Жыл басынан бері облыста осы бап бойынша 1200-ден астам әкімшілік хаттама толтырылған.
Жангельді Жамалиев