Төрт жылда бір келетін Қысқы Олимпиада ойындарына да аз қалды. Дүбірлі дода 6-22 ақпан күндері Италияның қос қаласында өтеді. Жарысқа 93 елден 3500 спортшы келеді деп күтілуде. Олар 16 спорт түрінен 195 медальді сарапқа салады. Байрақты бәсекеге елімізден қанша спортшы қатысады? Бұл сұраққа өңірге жұмыс сапарымен келген Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев тілшілермен кездесуде жауап берді.
СЕРІК ЖАРАСБАЕВ, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
— Қысқы Олимпиада ойындарына 40 спортшы апарамыз деп жоспарлап отырмыз. Оның тең жартысы жолдамаға ие болды.
Тәуелсіздік алғалы ел құрамасы 7 қысқы олимпиадада бақ сынады. Дүбірлі додалардан 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль еншіледі. Осыдан 4 жыл бұрын өткен бүкіл әлем көз тіккен жаһандық бәсекеде жүлдесіз қалды. Серік Маратұлы биыл бұл олқылықтың орны толады деп сенеді.
СЕРІК ЖАРАСБАЕВ, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
— Олимпиадаға баруға үміткер 40 спортшының 22-сі талай байрақты бәсекеде топ жарған. Әсіресе, конки спорты мен шорт-тректен зор үміт күтеміз.
Кездесуде тағы футбол клубтарын жекешелендіру, спорт нысандарын салу, қаржыны дұрыс игеру сынды мәселелер көтерілді.
Нұрасыл Ахмет