Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғамТЖ

Петропавлда мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашылды

Петропавлдың «Береке» шағын ауданында жаңа мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашылды. Шаһар үшін маңызды нысанға Алтынбек Әбдірахмановтың аты берілген. Еске сала кетейік, марқұм өрт сөндіруші 10 жыл бұрын дәл Жаңа жыл күні қызыл жалынға оранған баспанадан тұрғындарды құтқару кезінде қаза тапты. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бұл қаламыз үшін маңызды нысан болып табылады. Өрт сөндірушілер – заман қаһармандары. Оларға бар жағдайды жасау – басты міндетіміз.

Салтанатты шара барысында өрт сөндірушілерге 10 арнайы техника мен 6 қызметтік пәтердің кілті табысталды. Баспана иелерін анықтау кезінде салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп жүрген мамандарға басымдық берілген. Көппәтерлі үй өрт сөндіру бөлімінің аумағында орналасқан.

АЛИНА ДҮЙСЕНОВА, қалалық №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің байланысшысы:

— Қуанышымда шек жоқ. Баспаналы болдым. Бұрын баспананы жалдап тұрдық. Оны төлеуге жарты жалақым кететін.

Нысанның таспасын министр мен Алтынбек Әбдірахмановтың әжесі Зүбәйда Әбдірахманова қиды. Ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен ведомство бастығы Шыңғыс Әрінов нысанда жасалған жағдаймен танысты. Өрт сөндіру бөлімі толықтай заманауи стандарттарға сәйкес келеді. Мұнда заманауи байланыс және диспетчерлік жүйелер, өрт сөндіру техникасына арналған кең жеке бокстар қарастырылған. Сондай-ақ, жеке құрамның жұмысына қажетті демалыс бөлмелері мен тұрмыстық аймақтар, оқу сыныптары, спорт залы, жабдықтар мен арнайы киім сақтайтын бөлмелер бар.

БОЛАТ ЖҰМАЖАНОВ, қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:

— Бұрын «Береке» шағын ауданында ескі, кішкентай өрт сөндіру бөлімі болды. Ішіне 2 өрт сөндіру көлігі ғана сыятын.

Жоба құны 2 млрд теңгеге жуықтайды. Бөлімде өрт бақылау мұнарасы да бар. Бұл түтінді бірден көріп, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов соңғы жылы ведомство ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

— Қызметкерлерімізге бар жағдайды жасасақ, олар да жанын салып еңбек етеді. Министрлік қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлуде. Биыл жүздеген баспана беріп, пәтерақы төлеудеміз.

“Береке” шағын ауданы жыл сайын қарыштап дамып келеді. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысы белсенді жүргізіліп жатыр. Сондықтан өрт сөндіру бөлімінің бұл төңірек үшін маңызы аса зор.

 

Нұрасыл Ахмет