«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында Қызылжар ауданындағы Большая Малышка ауылында өрт сөндіру пунктінің салтанатты ашылуы өтті. Бұрын осындағы және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары қызыл жалын бас көтерген жағдайда қаладан қызметтік көлік күтті. Бұл бірсыпыра уақытты алды. Енді тілсіз жауды әлдеқайда жылдам ауыздықтауға болады. Игі бастама «Большемалышкинское» шаруа қожалығының аумағында іске асырылды. Ашылу салтанатына жауапты министрлікке қарасты өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев қатысты.
ЕРЛАН ТӨРЕГЕЛДИЕВ, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:
— Осындай істерге қолдау көрсеткен облыс және жергілікті әкімдікке, бизнес өкілдеріне алғыс айтамыз. Біз бұл жұмысты әрмен қарай жалғастырамыз. Осындай бекет еліміздің әр ауылында болуы тиіс.
Төлеген Оспанов Большая Малышкада 20 жыл тұрады. Азамат осы уақыт ішінде талай өрт оқиғасының куәсі болған. Көп жағдайда тұрғындар жалынды өз күштерімен сөндіріп жүріпті. Енді иықтарынан ауыр жүк түсіп отыр.
ТӨЛЕГЕН ОСПАНОВ, Большая Малышка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Бекет ашылып жатыр. Алғыс айтамыз. Ауылда үйлер, қоралар жанып кетеді. Қаладан өрт сөндіру көлігін күтуге мәжбүр болып келдік.
Салтанатты шарада пункт қызметкерлеріне мамандандырылған өрт сөндіру көліктерінің кілттері табыс етілді. Айтулы оқиғамен жиналған қауымды Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов құттықтады. Ол арнайы құралдармен жабдықталған бекет сенімді қауіпсіздік қалқаны екенін атап өтті.
БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
— Бүгін ашылып отырған бекетте жылы бокс пен 4 көлік сыятын гараж бар. Талап бойынша жабдықталды. Бұл кез келген төтенше жағдайға жедел шығуға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары әр тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тағы 14 пункт ашамыз.
Өрт сөндіру бекет Қызылжар ауданындағы 6 ауылға қызмет көрсетпек. Бұл елді мекендерде 1700-ге тарта адам тұрады.
ВЛАДИМИР РУДЕР, Берёзов ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
— Осындай бағдарламалардың арқасында біз ауылдарымызда өрт сөндіру бекетін ашу мүмкіндігін иеленіп отырмыз. Мұндағы қызметкерлер негізгі сөндіру тобы 30-40 минутта жеткенше жалынның алдын алуы қажет. Оларға осындай талап қойылып отыр. Жоспар бойынша бекетте 6 адам еңбек етеді. Өздерінің киімдері, қажетті жабдықтары бар. Қажеттілік туындаған жағдайда мамандарға тұрғындар жәрдем береді.
Солтүстік Қазақстан облысында 336 елді мекендегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 71 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Ендігі міндет – қалған 58 ауылды тізімге қосу.
Байболат Құлтанов