Спорт

Аққайың ауданында қазақ күресінен облыс әкімінің кубогы өтті

Аққайың ауданындағы Дайындық ауылында жасөспірімдер арасында қазақ күресінен облыс әкімінің кубогы өтті. Сайысқа өңір аудандарынан және Петропавл қаласынан келген 200-ге жуық жас балуан қатысты. Солардың бірі – Эльдар Мусин. Жас спортшы жартылай финалда ептілігімен басым түсіп, финалдық кезеңге өтті.

ЭЛЬДАР МУСИН, жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

— Мен қазақ күресімен 2 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт ішінде 10 жүлде ұтып алдым. Бүгінгі турнирге мен ерекше дайындықпен келдім. Мақсатым – жеңімпаз атану. Жартылай финалдағы қарсыласым мықты. Онымен бұрыннан бәсекелеспіз. Бірақ бұл жолы менің асығым алшысынан түсті.

Доданың қорытындысы бойынша Мағжан Жұмабаев ауданының жас балуаны Эльдар Мусин топ жарды. Ол 26 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Жалпы, бұл сайыста балалар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Жеңімпаздарға арнайы кубок пен медальдар табыс етілді. Бұдан бөлек өзін жақсы жағынан көрсете білген жас спортшылар қазақ күресінен облыс құрамасына ілігуге мүмкіндік алады.

АСЫЛХАН БОЛАТОВ, жарыстың бас төрешісі:

— Өтіп жатқан жарыстың арқасында біздің облысымыздағы қазақ күресі деңгейін көруге болады. Бұл турнир арқылы мен облыстық құрамаға жас балуандарды іріктеп жинақтайтын боламын. Осыдан кейін жас спортшыларға әрі олардың бапкерлеріне ұсыныс тастап, Петропавлда оқу-жаттығу жиынын өткіземіз.

Бұл турнирдің ұйымдастырылуына ұйытқы болып отырған жандардың бірі – “Дайындық-Агро” ЖШС директоры Біржан Шаймерденов. Өткен жылы кәсіпкер өз қаржысына елді мекенде спорт кешенінің құрылысын бастаған болатын. Биыл бұл нысан қолданысқа берілді. Енді ауыл жеткіншектері спортпен айналысуға мүмкіндік алып отыр. Бұл жердегі басты бағыт – ұлттық спорт.

БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, кәсіпкер:

— Бізде дзюдо, қазақ күресі, тоғызқұмалақ сынды спорт түлерімен айналысуға мүмкіндік жасалған. Осының арқасында ауылымыздан бес асықтан әлем чемпионы шықты.

Сонымен қатар Дайындық ауылында қазақтың тағы бір ұлттық спорты – асық атудан да турнир өтті. Оған облыстың 18 командасы қатысты. Жеңімпаз – Мамлют ауданының спортшылары.

 

Ұлан Ыдырыс