Облыстық кітапханада еліміздің бас мүфтиі Наурызбай Қажы Тағанұлының қатысуымен “Жеті жарғы” – қазақтың құқықтық заңнамалық құжаты” атты республикалық танымдық конференция өтті. Өнегеге толы отырысқа мектеп оқушылары, зиялы қауым өкілдері мен дін қызметкерлері қатысты. Конференция басында алғысөз облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловқа ұсынылды.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Бүгінгі Жеті жарғы тақырыбына арналған конференция – тәуелсіз Қазақстанның құқықтық саясатына да әрі рухани дамуына үлес қосатын маңызды жиын.
Жиын барысында Наурызбай Қажы Тағанұлы “Жеті жарғы” заңдар жинағының маңыздылығына тоқталды. Оны бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Себебі, “Жеті жарғы” – тек заңнамалық құжат қана емес, ол қазақ қоғамының имани, адамгершілік және әділет қағидаттарына негізделген өмір сүру тәртібі.
НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:
— Тәуке Хан елдің танымал билері Қазыбек би, Әйтеке би бастаған дана тұлғаларды жинап, Қасым мен Есім ханның заңдарына әрі қазақтың ежелгі әдет-ғұрпына сүйене отырып “Жеті жарғыны” қабылдады.
Сонымен қатар жиын барысында қатысушыларға діни басқарма өкілдері дайындаған арнайы бейнежазба ұсынылды. Ол жерде ұйымның 35 жыл ішінде атқарған игі жұмыстары мен қолға алған жобалары сөз болды.
Ұлан Ыдырыс