Сабит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада кезекті көрме қанат жайды. Бұл жолы келушілер назарына заманауи қазақстандық әдебиет пен тарту етілген туындылар ұсынылды. Сый ретінде берілген еңбектердің өзіндік орны бар. Олар өңірімізге сонау Татарстан Ұлттық кітапханасынан жетіп отыр. Ат басындай алтыннан қымбат еңбектердің оқырманға берері мол.
ЗАҒИПА ЕГЗАМ, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың кітапханашысы:
— Бүгінгі көрмеге 300-ге жуық кітап қойылған. Олар мемлекеттік тапсырыспен түскен, бюджет қаражатына алынған және баспалар мен жеке авторлардың сыйға тартқан еңбектері болып табылады. Олар барлық білім саласын қамтиды: тарих, ғылым, мәдениет, психология.
Көрмеде тамаша тарихи туындылар жетерлік. Арасында көпшілікке танылып үлгермеген авторлардың да еңбектері бар. Мысалы, Өмірзақ Озғанбай мен Көпболсын Бекмағанбеттің “Өтті жылдар-отты жылдар” атты кітабы ерекше әсер қалдырады. Онда сұм соғыс, қайсар сарбаздардың ерлігі кеңінен баяндалыпты.
ЗАҒИПА ЕГЗАМ, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың кітапханашысы:
— Бұл кітапта майдангер аталарымыздың әңгімелері, бастан кешкен оқиғалары кеңінен суреттеледі. Сонымен қатар, көрмеден Абай Құнанбайұлы мен Шоқан Уәлихановтың мерейтойларына арналған жаңа басылымдар ерекше орын алған.
Көрмеге келген жандар кітаптарды кезек-кезек парақтап шықты. Бірі қазақстандық авторлардың туындыларын алса, екіншісі шетелдік жазушылардың еңбектерін оқыды. Татарстаннан жеткен тарту оқырмандарға ұнады. Әр кітап бауырлас халықтың бай мұрасын паш етеді.
ФАУЗИЯ ФАЙЗУЛИНА, оқырман:
— Мен Татарстаннан әкелінген кітаптардың бәрін қарап шықтым. Өте қызықты еңбектер екен. Баршаңызды осында келіп, рухани азық алуға шақырамын. Таңдау көп: романдар, поэзия, тарихи және танымдық кітаптар. Әркім өзіне керегін табады. Осындай көрмелерге жастар көп келсе деймін.
Заманауи қазақстандық әдебиет пен тарту етілген туындылар көрмесі 1 күнге жоспарланған. Бұл шара жайлы кітапхана өкілдері әлеуметтік желілер арқылы алдын ала хабарлады.
Жангельді Жамалиев