Балалар

WorldSkills Kazakhstan-2025: Петропавлдық колледж студенттері көшбасынан көрінді

Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің студенттері WorldSkills Kazakhstan-2025 чемпионатында 2 алтын және 1 қола медаль еншіледі. Кіл үздіктер сынға түскен сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегері – өзге жастарға үлгі. Кеше ғана Астанадан келген қатысушылар бүгін қатарластарымен кездесіп отыр.

АНАТОЛИЙ ФУРМАНЮК, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің директоры:

— Біздің колледж студенттері бұл чемпионатқа 2021 жылдан бері қатысып келеді. Бастапқы уақытта тек жүлдегерлер қатарынан көріндік. Ал соңғы 2 жылда ұл-қыздарымыз жеңіс тұғырының биік сатысынан көрініп жатыр. Бұл мақтанарлық нәтиже деп білеміз. Студенттерге баршамыз алғыс айтудамыз.

Алтыннан алқа таққан жастың бірі – Василий Шабанов. Ол республикалық чемпионатқа осымен 3-ші рет қатысып отыр. Былтыр “Токарлық станоктағы жұмыс” аталымында үздік атанды. Осылайша еліміздегі үздік 100 студенттің қатарына кірді. Ал биыл Василий өз бағын басқа бағытта сынап көрген.

ВАСИЛИЙ ШАБАНОВ, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің студенті:

— Биыл “Станоктардағы фрезерлік жұмыстар” номинациясы бойынша қатыстым. Бізге сызба берілді, соған қарап бөлшектерді дұрыс құрастыру керек болды. 11 қарсыласыммен бәсекеге түстім. Барлығы білімді, білікті жастар. Өзім дәстүрді додаға 9 ай көлемінде дайындалдым. Бүгін осы еңбегімнің жемісін көріп отрымын.

WorldSkills Kazakhstan-2025 чемпионаты желтоқсанның 3-і мен 9-ы аралығында Астанада өтті. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 800-ден астам ұл-қыз қатысты. Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінен 6 студент 5 түрлі номнация бойынша бақ сынаған.

АРМАН ТЕМІРТАС, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің өндірістік оқу шебері:

WorldSkills Kazakhstan-2025 чемпионатында “Инженерлік графика” бағыты бойынша сарапшы болдым. Сарапшы ретінде біз балалардың жұмысын бақыладық. Күнделікті тапсырмалардың ұпайлары есептеліп, ортақ нәтиже шықты. Осылай жеңімпаздар анықталды.

WorldSkills Kazakhstan-2025 жарысына өңіріміздегі 5 колледждің 20-дан астам студенті қатысты. Қоржынға жалпы саны 3 алтын жүлде түсті. Дәстүрлі байқау – жастарға мол мүмкіндік сыйлайтын сайыс. Жеңімпаздар 2026 жылы Қытайда өтетін халықаралық WorldSkills чемпионатында еліміздің намысын қорғамақ.

 

Ақтолқын Солтанханқызы