Мәдениет

Сотталғандардың туындылары сатылымға қойылды

Темір торда жасалған туындылар. Петропавлда сотталғандар әзірлеген заттар сатылымға қойылды. Жәрмеңке шаһардағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде ұйымдастырылды. Жұртшылық назарына қойылған қолөнер жұмыстарының жалпы саны 60-қа жуықтайды. Оларды сату арқылы түскен табыс арнайы дағдарыс орталығындағы әйелдерге жіберілмек.

ЗАРИНА БАЙҚАДАМОВА, СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз хатшысы:

— Сатылымнан түскен ақша зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға беріледі. Қазіргі таңда облыста 5 түзету мекемесі бар. Әрбір мекемеде жеке кәсіпкерлер жұмыс істейді.

Ертоқым, көрпе-жастық, астау, жұмсақ ойыншықтар. Жазасын өтеп жатқан жандардың арасында он саусағынан бал тамған шеберлер жетерлік. Олардың көпшілігі түзету мекемелеріндегі серіктестік пен жеке кәсіпкерліктердің өндірістік цехтарында тер төгеді. Ай сайын атқарған жұмыстарына қарай жалақы алады, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді.

 НАТАЛЬЯ ГУРЬЯНОВА, жеке кәсіпкер:

— Біздің цехта ағаштан түрлі туындылар жасалады. Шахмат, дойбы, нарды, ыдыс-аяқ, үстел. Осы және өзге де дүниелер шығады. Қазіргі таңда өндіріс орнында 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Ай сайын әрқайсысы шамамен 80 мыңдай жалақы алады. Арнайы тапсырыс қабылдаймыз. Әр тауарды сапалы жасап, уақытылы тапсыруға тырысамыз.

Тұрғындар ерекше заттарға тамсана қарады. Митенколар жанұясы жәрмеңке өтетіндігі жайлы хабарландыруды интернеттен көрген. Келіп, тамашалауды ұйғарыпты. Ерлі-зайыпты астау сатып алғысы келеді.

ТЕМІРЛАН МИТЕНКО, қала тұрғыны:

— Әлеуметтік желіде достарымызбен хат алмастық. Сонда жәрмеңке жайлы дерек болды. Зайыбыммен ақылдаса келе осы жерге келу жайлы шешім қабылдадық. Біраздан бері ұлттық нақышта жасалған астау алғымыз келіп жүрген. Бүгін сәті түсіп отыр. Астаулар өте әдемі, сапалы жасалыпты.

Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар сотталғандардың тәртібін түзеуге, оларды еңбекке баулуға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға тез бейімделуге септігін тигізеді. Жәрмеңке қорытындысы бойынша 180 мың теңгенің тауары сатылды. Жақын арада табыс арнайы орталықтарға аударылады.

 

Мәдина Қаби