Петропавлда аутизм және басқа да ментальды ауытқулары бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. Нысан Солтүстік Қазақстан облысы үшін аса қажет. Себебі, аймақта еңсе түсіретін диагнозбен жүздеген бала тіркеуде тұр. Қазіргі таңда ата-аналар ұл-қыздарын басқа қалаларға апаруға мәжбүр. Бұл шығынды көбейтіп, сапалы ем алуға мүмкіндік бермейтіні сөзсіз. Келер жылы өзекті мәселе өз шешімін табады. Ауқымды қайта қалыпқа келтіру жұмыстарымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Ерекше балалар басты назарда болуы тиіс. Құрылыс жұмыстарын үнемі бақылауда ұстау қажет. Сапасына мән беріңіздер. Біз өз тарапымыздан қолдан келген көмекті аямаймыз. Қажет болса қосымша қаржы бөлеміз.
Мұндағы қайта жаңғырту жұмыстары биылғы мамыр айында басталды. Жоба құны – 770 млн теңге. Орталық күніне 50 баланы қабылдауға қауқарлы. Емдеу мекемесінде ұл-қыздарға арналған 30 оқу кабинеті мен 3 ойын бөлмесі болмақ.
РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
— Облыста аутизм және басқа да психикалық ауытқушылықтары бар балалардың саны 400-ден асады. Орталықта емдеу бассейні, еңбек терапиясы, массаж бөлмесі болады. Робототехника кабинеті мен шеберхана да қарастырылады. Сонымен қатар, мамандар балаларға педагогикалық және психологиялық қызмет көрсетеді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл жерге заманауи қондырғылар әкелінеді. Олардың барлығы “Қамқорлық” қорының есебінен жеткізіледі.
Жоспар бойынша орталық 2026 жылдың қазанында ашылуы тиіс. Облыс әкімі мердігерге маңызды жұмыстарды тамыз айында аяқтауды тапсырды. Айта кету керек, іспен жергілікті “Петробилдинг” серіктестігі айналысуда.
ТАТЬЯНА ИГНАТЬЕВА, бас мердігер:
— Ғимараттың ішін толығымен сүріп, кабинеттерге бөлдік. Сыртын қаптап, терезелерді орнаттық. Қазіргі таңда мұнда 20 адам еңбек етуде. Биыл бөлінген 220 млн теңге қаржыны толығымен игердік. Маңызды жұмыс уақытылы аяқталады деп нық сеніммен айта аламын.
Орталықтың жалпы аумағы 5 мың 500 шаршы метрді құрайды. Сыртына футбол және ойын алаңын салу жоспарда бар.
Нұрасыл Ахмет