10 қаңтардан бастап мектептердегі тамақтану жаңа стандартарға сай жүргізілуі тиіс. Алайда, білім ұяларындағы асханаларды қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер әлі күнге дейін ыстық тамақтың құны өсетінін не өспейтінін білмей отыр. Аталған мәселе Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Бизнес өкілдерінің айтуынша, талапқа сәйкес бастауыш сынып оқушыларына арналған тамақтану құны 747 теңге болуы тиіс. Бірақ, бұл бағаны мемлекеттік органдар мақұлдамаған.
МАРИНА ЛАПТЕВА, “Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығы” РБ вице-президенті:
— СҚО-да бағаны барынша азайттық. Өңірлердің басым бөлігінде бұл мәселе шешілген. Мысалы, ШҚО-да әкімдікпен бірлесіп тамақ құнын 804 теңгеге бекіттік. Республика бойынша орташа баға 800 теңгеден басталады. Бұрын мәзірді арзандатуға болатын, ал жаңа стандарт бойынша бұл мүмкін емес.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Үкенова жаңа стандартты енгізуге қажет бюджет көлемі алдын ала қоғамдық кеңес пен тұрақты комиссияда мақұлданғанын айтты. Оның сөзінше, алда тек бір қадам қалған. Ол облыстық мәслихаттың өтінімді бекітуі болып табылады.
ДИНАРА ҮКЕНОВА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:
— Облыс мектептеріне жаңа мәзірді енгізу үшін алдын ала есептеулер жүргізілді. Алдағы күндері біз прокуратура, Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, арнайы жұмыс тобын құрып, кеңес өткіземіз. Соның нәтижесінде қандай бағаны бекітетініміз анықталады. Мәслихат отырысы 8 желтоқсанда өтуі тиіс еді, бірақ кейінге шегерілді.
Назар аударарлық жайт бар. Бюджеттік өтінім мен есептеулер мәслихатқа жіберілсе, құқық қорғау органдары өкілдерін қосып, жаңа жұмыс тобын құру не үшін қажет? Бұл мәселені кеңес мүшелері де, кәсіпкерлер де көтерді. Бұның заң тұрғысынан қате екенін де айтты. Бір сөзбен айтқанда, өзекті түйткіл кездесуде шешімін таппады.
Нұрасыл Ахмет