Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Германия-СҚО: М.Жұмабаев ауданына 165 бас ірі қара жеткізілді

Жүк көліктерінен түсіріліп жатқан ірі қара мыңдаған шақырымды артта қалдырды. Олар М.Жұмабаев ауданына қарасты Советское ауылындағы “СК Агро 2050” серіктестігіне сонау Германиядан жеткізілді. Жергілікті агроқұрылым өкілдері ерекше күтімді талап етпейтін әрі сүтті голштино-фриз тұқымына таңдау жасапты. Енді 165 құнажын бір айдай санитарлық аймақта болады. Ол жерде мамандар малды тексереді, жай-күйін бағалайды, сосын фермаға жібереді.

ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВ, “СК Агро 2050” ЖШС тауарлы-сүт фермасының басқарушысы, М.Жұмабаев ауданы:

— Осыдан бір ай бұрын Украинадан 256 бас голштино-фриз тұқымды құнажын сатып алып, ауылымызға жеткіздік. Олар бастапқыда жіті бақылауымызда болды. Жақында өзіміздің мал тұрған жерге көшірдік. Қазір төлдеу кезеңіне дайындық үстіндеміз. Жоспар бойынша тұяқтылар желтоқсанның соңынан наурызға дейін төлдейді.

Ірі қараның голштино-фриз тұқымы суыққа төзімді әрі сүтті дедік. Күніне әрқайсысы орта есеппен 40 литрге дейін ақ береді. Ал “СК Агро 2050” – аудандағы, өңірдегі, тіпті елдегі іргелі серіктестік. Бүгінде агроқұрылым 10 мың басқа арналған ферма салып жатыр. Болашақта заманауи кәсіпорында бір мезетте 100 сиырды саууға мүмкіндік беретін “Карусель” жүйесі жұмыс істемек. Бұл – орталық Азиядағы ең үлкен жобалардың бірі. Жоспар бойынша ол келесі жылы іске қосылады. Толық қуатқа шыққан кезде жылына 39 мың тонна сүт өндірілмек. Бұл өз кезегінде аймақтағы қайта өңдеу бағытының дамуына зор үлес қосады.

ТАЛҒАТ НАУРЫЗБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

— Қазіргі таңда біздің өңірде 110-нан астам тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Оның ішінде 42-і заманауи сүт кешені бар. Облыс бойынша биыл шетелден 1700 сиыр әкелдік.

“СК Агро 2050” серіктестігі басшылы шетелмен байланысты үзбейді. Алдағы уақытта шекара сыртынан ірі қара малдың кезекті легі әкелінбек. Жоспар бойынша асыл тұқымды Зеңгі баба төлдері қаңтарда М.Жұмабаев ауданына жетеді.

 

Ұлан Ыдырыс