Құқық қорғау органдары

«Telegram» авторының нұсқауымен ағаштың түбіне пакет қоюдың өзі – есірткі сату қылмысы

Облыста есірткі қылмысына қарсы күрес жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекеттік органдардың бірлескен шараларының арқасында биыл өңір аумағында аса маңызды бағыттағы қылмыстарды анықтау көрсеткіші 20%-ға өскен. Тиісінше, жаза арқалаған жандардың да саны ұлғайды. Өкінішке қарай, заңның сойылын татқандардың қатарында аузынан ана сүті кеппеген жасөспірім де, бесік тербер азаматша да бар.

МАКСИМ ДОРОВИК, СҚО прокурорының аға көмекшісі:

— Соттар 138 тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тартты, олардың ішінде 23 әйел және 1 кәмелетке толмаған жасөспірім бар.
Барлық үкімдер бойынша кінәлілер жазаға тартылды. Негізгі тәуекел тобы – 16-дан 35 жасқа дейінгі жастар.

Көлденең жолмен табыс табатындар ерте ме, кеш пе қолға түседі. Көп жағдайда айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылады. Ұпайы түгел қалатындар – экранның ар жағындағы ұйымдастырушылар, ал тасымалдау, сату қызметіндегілер жазаға тартылады. Сол себепті әлеуметтік желіде келетін хабарларға иланбау, жетегінде кетпеу қажет.

ОРАЗГЕЛДІ МҰСАФАР, СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры:

— Маңызды жайт бар, «Telegram» авторының нұсқауымен ағаштың түбіне пакет қоюдың өзі есірткі сату деп танылады. Жұмысқа тартушылар көбінесе жоғары табыс уәде етіп, кез келген уақытта «бизнесті» тастап кетуге болатынын айтады. Бірақ ең алдымен ұсталып қалатындар – «жасырын қоюшылар» мен курьерлер, олар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.

Есірткі қылмысына қарсы күресте маңызды өзгерістер орын алып жатыр. Ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінде Қылмыстық кодекске жаңа бап енді. Ол интернет арқылы арам ойын жүзеге асыратындарға серіктес атанған жандарды жауапкершіліке тартуды көздейді.

ОРАЗГЕЛДІ МҰСАФАР, СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры:

— Банк шоттарына, төлем құралдарына немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қолжетімділік беру, алу және заңсыз төлемдер мен аударымдар үшін енді қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл бап көбінесе есірткі қылмыскерлеріне өз транзакциялары үшін банк карталарын пайдалануға мүмкіндік беретін «дропперлерге» қатысты. Полиция органдары аталған бап бойынша 3 фактіні тіркеді, тергеу жүргізілуде.

Қазір сауысқандай сақ болу керек. Ақша оңай келмейді, ал жеңіл табыстың сұрауы болады. Қадағалаушы орган өкілдері халықты, жастарды заңға бағынуға шақырады.

 

Байболат Құлтанов