Балалар

СҚО-да биыл кәмелет жасқа толмаған 81 балаға қатысты қылмыстық іс қозғалған

«Заң және тәртіп – жастар таңдауы». Осындай атаумен Ескендір Даутов атындағы Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінде қоғамдық даму және ақпарат орталығының мамандары, тәртіп сақшылары мен студенттер кездесті. Шара барысында интернет-алаяқтық, қаржылық қауіпсіздік және жастар арасындағы дропперлік фактілер жайлы айтылды.

ОКСАНА ГОНЧАРЕНКО, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

— Жиынның мақсаты – студенттерге қаржылық қауіпсіздік ұғымын жеткізу. Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмыстық істі болдырмау, оның алдын алу бағытында еңбек етуіміз қажет. Бірінші бөлікте тәртіп сақшысы өз баяндамасын оқиды, кейін айтылған ақпараттарға қатысты сұрақ қойылып, жауап беріледі. Кездесудің мол пайдасы бар деп білеміз.

Жыл басынан бері өңірде кәмелеттік жасқа толмаған 81 балаға қатысты 27 қылмыстық іс қозғалған.

ДИНАРА МҰҚАНОВА, қалалық ПБ ЖПҚБ аға инспекторы:

— Біз қаладағы барлық білім беру мекемелерін аралап, ұл-қыздарға профилактикалық кездесу өткізіп жатырмыз. Өкінішке қарай кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмыс жасау фактілері азаяр емес. Олардың көбі ұрлық, ұрып-соғу фактілеріне қатысты. Бұдан бөлек үйден қашып кету немесе оқу орнына себепсіз келмеу сияқты жайттар да бар.

Ал заңның ала жібін бір емес, бірнеше рет аттаған балалар түзету мекемесіне жіберіледі. Биылдың өзінде 10-ға жуық жасөспірім Алматы қаласындағы кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға арналған арнайы мекемеге орналастырылған.

 

Ақтолқын Солтанханқызы