Қоғам

Өңірде жылдың үздік психологы анықталды

Адамның жүрегіне жол тауып жүрген мамандар. Бүгін Петропавлда “Жылдың үздік психологы – 2025” атты облыстық байқау өтті. Мәнді де мағыналы сайысқа өңірдің түкпір-түкпірінен келген 23 психолог қатысты. Байқау барысында қатысушылар ұл-қыздардың жанын терең түсіну, күйзеліске қарсы жұмыс жүргізу, балалармен және жасөспірімдермен жаңа әдістер арқылы байланыс орнату жөнінде тың ойлармен бөлісті.

10 жылдық еңбек өтілі бар Диана Жоламан әл-Фараби мектеп-лицейінде еңбек етеді. Ол қазіргі таңда балалармен эмоционалды интеллект жөнінде жұмыс жүргізуде.

ДАНА ЖОЛАМАН, әл-Фараби мектеп-лицейінің психологы:

— Психолог мектепте оқушылардың психологиялық эмоционалдық әл-ауқатын қадағалайды. Неше түрлі бағыт бар. Диагностика, жеке кездесулер өткіземіз.

Әр кезең сайын мамандардың кәсіби білімі ғана емес, адамға деген мейірімі мен жанашырлығы ашыла түсті. Себебі, кез келген адам психолог бола алмайды әрі ол адамның жанын түсіне бермейді. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген жандардың жүрегі таза, ашық және мейірімді болуы – парыз.

ӘМИНА ТАЙЛАНОВА, “Өрлеу” БАҰО” АҚ СҚОФ кафедра меңгерушісі:

— Қатысушыларды нақты талап бойынша бағалаймыз. Ең бірінші, қозғаған тақырыбының өзектілігіне, мазмұнының құрылымына назар аударамыз.

Бүгінгі шара – психолог мамандығының қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте айғақтай түсті. Бірақ, ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда өңірдің білім беру саласында 30-ға жуық психолог жетіспейді. Айта кейік, жарыс жеңімпазы Алматы қаласында өтетін республикалық байқауда өңір намысын қорғайды.

 

Мәдина Қаби