Қоғам

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас мектеп қабырғасынан басталады

Шыншылдық, жауапкершілік және адалдық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет бала бойында мектеп табалдырығынан қалыптаса бастауы тиіс. Бұл ретте үйдегі ата-ана және мектептегі ұстаз маңызды рөл атқарады. Мұғалім – оқушыға бағыт-бағдар беруші. Олар бармақ басты, көз қысты әрекеттерден аулақ болуды бойға сіңіре алады. Сол үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департаменті өкілдері қаладағы білім ұяларының директорларымен жүздесті. Қаузалған тақырып – адал азамат тәрбиелеу.

ҒАЛИЯ ИСУМҒАЛИЕВА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

— Кездесудің мақсаты – оқу орындарында ашықтық пен жауапкершілік құндылықтарын күшейту, тәжірибе алмасу және одан арғы ынтымақтастық бағыттарын айқындау. Бұл жұмыс қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыруға маңызды үлес қосады деген сенімдеміз.

Біле жүрген маңызды, білім беретін ұстаздар да сыбайлас жемқорлыққа қатысты тұлға атануы мүмкін. Мұғалімдерге ата-аналардан немесе оқушылардан ақша жинауға тыйым салынған. Түрлі мереке бар. Соларда сыйлық алуға да рұқсат етілмейді. Атақты Алаш қайраткері Ә.Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін №25 орта мектепте бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіледі екен.

ЖҰЛДЫЗ ХАСЕНОВА, Ә.Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін №25 орта мектептің директоры:

Мектепте “Адал азамат” бағдарламасына көңіл бөліп жүрміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көптеген іс-шаралар өткіземіз. Олардың барлығы бала бойында әділдік пен адалдық қасиетін қалыптастырып жатыр.

Ақпараттық шарада ұстаздар қауымы белсенділік танытты. Олар департамент өкілдеріне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойыпты, тұшымды жауап алды.

 

Ақтолқын Солтанханқызы