Мәдениет

Петропавлда “Шабыттың шаңқай түсінде” кітабының таныстырылымы өтті

Белгілі айтыскер ақын Жарқын Жұпарханның “Шабыттың шаңқай түсінде” кітабы көпшілікке таныстырылды. Бұл – дарын иесінің алғашқы жеке өлеңдер топтамасы. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. Жиылған қауым сиясы кеппеген туындының бетін ашып, автордың жүрекжарды шығармаларын шолып өтті.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, ҚР Мәдениет саласының үздігі:

— Жуырда Петропавлда “Қызылжарым, қызырбағым!” атты шығармашылық кешім өтті. Аталған шарада кітаптың тұсауы кесілді.
Сонымен қатар, туындының ішіне студенттік кезден бастап жазған поэзияларым да кірді.

Тырнақалды туынды 200 беттен тұрады. Жинаққа Жарқын Жұпарханның таңдамалы өлеңдері мен айтыстары енген. Шындықтың сойылын соғып жүрген азамат осы күнге дейін 50-ден астам ақынмен айтысқан. Оның ішінде Ринат Зайыт, Мақсат Ақанов сынды шалқар шабыт иелері бар.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, ҚР Мәдениет саласының үздігі:

— Кітапты өз қаражатыма шығарған жоқпын. Туындының жарық көруіне руханият жанашыры, кәсіпкер Ғабдулғаппар Жапарұлы септесті. Басты мақсатым – кітап арқылы халқыма есеп беру.

Қазіргі таңда еңбектің 300 данасы жарық көрген. Жарқын Жұпархан алдағы уақытта қала мектептері мен колледжерін аралап, туындысын таныстырмақ. Ақын студенттік шағында жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменовтен тәлім алған. Қоғам қайраткері туынды авторы жайлы жылы естеліктерімен бөлісті.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстанның құрметті журналисі:

— Жарқын студент кезінен шыншыл болды. Дұрыс болсын, бұрын болсын сұрақтарды көп қоятын. Әрқашан алға ұмтылды. Білімге деген құштарлығы болды.

Жарқын Жұпархан келер жылы Қозыбаев университеті мен өзі тұрып жатқан Бескөл ауылында шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отыр.

 

Нұрасыл Ахмет