Петропавл қаласының полиция басқармасында егіздер қызмет етеді. Захар және Назар Коваленколар Қызылжар ауданындағы Красноярка ауылында туған. Бала күннен жұптары жазылмаған бауырлар бір саланы таңдапты. 2021 жылы мектепті аяқтай сала ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп, биыл “Криминалист” маманды бойынша тәмамдаған.
НАЗАР КОВАЛЕНКО, Петропавл қаласы полиция басқармасының криминалисі:
— Қолымызға диплом тиген соң қалалық полиция басқармасына қарасты жедел-криминалистика бөліміне қызметке орналастық. Өзіміздің туған өңір, өскен жер. Дамуына өз үлесімізді қосуымыз қажет. Жұмыста айғақтарға сүйенеміз. Қылмыс орнында табылған заттар, қарулар іс қозғауға, нәтиже шығаруға мүмкіндік береді. Сабырлық, қырағылық, ұқыптылық қажет. Тырнақтай ғана дүние қорытындыға алып келуі мүмкін.
Егіздер академияда оқып жүргенде алғырлық қасиетпен көзге түскен. Ауылдың ауасын жұтып, топырағында аунаған жігіттер өздерін дене дайындығы бойынша да үздік көрсеткен. Екеуі де оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдайды. Білім ордасындағы үздік курсанттың бірі Захар Коваленкоға алғашқы шенін Президент табыстаған екен.
ЗАХАР КОВАЛЕНКО, Петропавл қаласы полиция басқармасының криминалисі:
— Маған офицерлік шенімді еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді, ал сыңарыма Ішкі істер министрінің орынбасары табыстады. Өте қуаныштымын. Біз Назар екеуіміз мүлде ажырамаймыз десек те болады. Академияда білім алып жүрген кезде бізді екі взводқа бөлді. Біз бірге оқу жайлы өтініш білдірдік. Сөзімізді жерге тастамады. Назар – бауырым, курстасым, ал бүгінде – әріптесім.
Түрлері бір-бірінен аумайтын, қызметтік киімдері мен шендері де бірдей жігіттерді кей кезде әріптестері ажыра алмай жататын көрінеді. Екеуі де ұжымда сыйлы. Бүгінге дейін алған білім, жинаған тәжірибенің арқасында бірнеше қылмыстың бетін ашыпты. Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 47 криминалист жұмыс істейді. Оның 19-ы Петропавл қаласында қызмет атқарады.
Ұлан Ыдырыс