Құқық қорғау органдары

Қызылжарлық полицейлер кәсіби біліктіліктерін арттырды

Қызылжар аудандық полиция бөлімінде кезекті жұмыс күні таңғы жаттығудан басталды. Саптық алаңда тәжірибелі нұсқаушылар мамандарға көлікті тоқтату, тексеру және күдіктіні ұстау тәсілдерін пысықтады. Ал спорт залында қызметкерлер шабуылдан қорғану, адамды қармау, тінту және арнайы күрес тәсілдерін меңгерді.

Тирдегі сабақтар да қауіпсіздік ережелерін түсіндіруден басталды. Оқ атуға шықпас бұрын полицейлер жүгіру, айналу, қолды бүгу, жазу сияқты жаттығулар жасайды. Содан кейін Макаров тапаншасымен нысана көздейді. Бұдан бөлек Калашников автоматы бар. Бұл қарумен тирде және даладағы полигонда шеберлік арттыруға болады.

ЕРЛАН ҚАБДУАЛИЕВ, СҚО ПД арнайы және кәсіби даярлық басқарма басшысының орынбасары:

— Оқу-жаттығу жиындарында жеке құрам өзін-өзі қорғау және құқық бұзушылықтарды ұстау әдістерін жетілдіреді. Сонымен қатар, саптық даярлық, кәсіби даярлық бойынша дәрістер өткізілуде.

Кәсіби даярлық бойынша дәрістер бұған дейін облыстағы барлық бөлімшеде өткен. Мамандар кез келген жағдайда азаматтарды қорғау және тәртіпті сақтау бойынша білім алды.