Облыстық кітапханада болашақ заңгерлер бас қосты. Колледж бен университет қабырғасында оқитын 40 жуық қыз-жігіт нашақорлық турасында пікір алмасты. Есірткі несімен қауіпті? Бұл жап-жас талға түскен құрттай. Ол өскелең ұрпақтың ой-санасын улайды, теріс орта қалыптастырады, жақындардан жырақтатады, қылмысқа итермелейді. Бұл болашаққа балта шабуға әкеледі. Ата-ананың сенімі ақталмайды, алға құрған жоспардың күл-паршасы шығады.
БОГДАН ПУНЬКО, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
— “Есірткіге тосқауыл” атты тәрбиелік іс-шара өтіп жатыр. Тәрбиелік деуіме толық негіз бар. Себебі, біз қоғам дерті, оған қарсы тұру жолдарын жан-жақты талқылаудамыз. Осындай кездесулер жиі өтуі қажет. Сонда жастардың, адамдардың санасында нашақорлыққа бой алдырмау ұстанымы қалыптасады.
Жастар ақ пен қараны айырғандары жөн. Олар салауатты өмір салтын ұстанса, бірінші кезекте өздеріне пайда әкеледі. Екіншіден, бой түзейтін іні-қарындастарына үлгі болады. Қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Әбдиннің айтуынша, ол үшін бір жеңнен қол шығару қажет.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Бұл шараның негізгі мақсаты – жастар мен студенттердің, сондай-ақ жалпы тұрғындардың білімін арттыру, есірткі қылмысына қарсы күрестің жолдарын ұғындыру. Себебі, нашақорлық – күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселе. Біз бірліктің арқасында ғана нәтиже шығарамыз. Бүгінде қыз-жігіттерді жамандықтан қашық ету қажет.
Кездесуге құқық қорғау қызметкерлері де қатысты. Шенділердің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда облыстық психикалық денсаулық орталығында есірткіге тәуелді деген диагнозбен 464 адам есепте тұр. Оның ішінде 5 кәмелетке толмаған бар.
ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі:
— Жыл басынан бері өңір аумағында есірткіге қатысты 260 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Соның ішіндегі 115 жағдай – зиянды заттарды сату фактісі. Заңсыз айналымнан 780 келіге жуық әртүрлі есірткі өнімі тәркіленді. Талдау қорытындысына сәйкес, алынған дүниенің 6 келісі – синтетикалық есірткі.
Шарада қатысушылар арнайы QR-код арқылы ұйымдастырушылар дайындаған тестілеуден өтті. Сұрақтар нашақорлық, заң талаптарына қатысты болды. Соңында барлығына сертификат табысталды.
Жангельді Жамалиев