Петропавлда “Желтоқсан” көтерілісінің құрбаны Нұржан Қалиасқаровты еске алуға арналған волейболдан дәстүрлі турнир өтті. Бұл азаматты теріскей жұрты ұмытпайды. Тимирязев ауданының тумасы – нағыз ерліктің үлгісі. Ол азаттық қолында қаза тапты. Кешегі қайсар Қайрат, ержүрек Ерболдар сынды Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы саналады.
ӨМІР ЕСҚАЛИ, Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоғамдық қорының төрағасы:
— Нұржан Қалиасқаров – өзіміздің жерлесіміз, Тимирязев ауданы Докучаево ауылында туған. Алматыда оқып жүрген уақытта Брежнев аланында болып, сол жерде ұсталған, ауыр дене соққысын алған. Комсомолдан, оқудан қуылып, елге келген.
Петропавлда Нұржан Қалиасқаровты еске алу турнирі осымен 28-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл 12 команда қатысты. Оның екеуі Шал ақын мен Тимирязев ауданының намысын қорғады. Дәстүрлі дода тартысты өтті. Ала допты алақандарында ойнатқан волейболшылар жойқын соққыларымен, жеңіске деген талпыныспен сайыстың көркін келтірді.
РҮСТЕМ САЙЛАУОВ, “Айбын” командасының мүшесі, Петропавл қаласы:
— Біз – көптен бері ойнап келе жатқан ұжымбыз. Осы Қалиасқаров турнирына шақыру қағазы келді. Қуана қабылдадық. Жарыстың деңгейі өте жоғары.
Нұржан Қалиасқаров – ұлт батыры. Қазақтың сол кездегі өр рухты қыз-жігіттерінің ерлігі ұрпаққа айтылуы тиіс. Осындай тұлғалар арқылы жігерлі жастар буыны қалыптасады. Ал волейбол турнирі командаларды біріктіреді, жерлестерімізді салауатты өмір салтын сақтауға шақырады.
ӨМІР ЕСҚАЛИ, Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоғамдық қорының төрағасы:
— Боздақтарды еске алу үшін осындай жарысты жылда ұйымдастырып келе жатырмыз. Өйткені, жастардың көбі мұндай тұлғаларды біле бермейді.
Дәстүрлі турнир қорытындысы бойынша бас жүлдені Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының командасы жеңіп алды. Жеңімпаз бен жүлдегер ұжымдарға кубок, медальдар мен ақшалай сыйақы табысталды.
Жангельді Жамалиев