Спорт

Жас дзюдошылар жарысы

Желтоқсанның 6-шы жұлдызы – Прокуратура күні. Осыған орай Петропавлда дзюдодан жасөспірімдер арасында облыс прокурорының Ашық кубогы ұйымдастырылды. Жарыстың ашылу салтанатына аймақ басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысып, олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың ізбасарларына сәттілік тіледі.

АЙТОЛҚЫН АБЫЛАЙХАНОВА, қалалық прокуратураның бөлім прокуроры:

— Іс-шараның мақсаты – еліміздің спортын дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, дзюдоның мәртебесін көтеру, өскелең ұрпақтың құқықтық санасын нығайту.

Дүбірлі додаға петропавлдық және өңіріміздің 11 ауданынан келген болашақ чемпиондар қатысты. 100-ге жуық жас дзюдошы бірнеше салмақ дәрежесі бойынша күресіп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.

ЗУМРАД УСЕРБАЕВА, жарысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

— Спорттың бұл түрімен айналысып жүргеніме 4 жылдан асты. Өзім Ғ.Мүсірепов ауданынан келіп отырмын. Қазақстанның бірнеше қаласына барып, өнер көрсеттім, жүлделі орындар иелендім. Бүгінгі жарыста топ жарамын деген үміттемін. Қазіргі таңда “Спорт шеберіне үміткер” атағына иемін. Келешекте “Спорт шебері” атанғым келеді.

Тартысты додада жеңіс тұғырына шыққандар марапатқа ие болды. Оларға мақтау қағаздары мен медальдан бөлек, дзюдоға қажетті спорттық жабдықтар алу үшін түрлі бағадағы сертификаттар табыс етілді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы