Осыдан 1 жыл бұрын Петропавлға Отан алдындағы борышты өтеу үшін келген мына сарбаздар саусақпен санарлық күннен кейін үйлеріне қайтады. Жүздерінде қуаныштың белгісі бар. Ұлттық Ұланның 6637 әскери бөлімінде қызмет еткен жігіттер темірдей тәртіпке, сүйектен өтер суыққа бейімделді, жауынгерлік дағдыларды меңгерді, нағыз ел қорғандарына айналды.
ШУХРАТ ӘШІМОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
— Бір жыл бойы сарбаздар жауынгерлік дайындықтан өтті. Әскери қызметшіге қажетті барлық жаттығуды, білімді бойға сіңірді.
Ақан сері атындағы облыстық филармонияда жақындарына асығып отырған сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Жауынгерлерге командирлері тарапынан жылы лебіздер айтылды, олардың еңбегі мен тәртібі жоғары бағаланды. Өз міндетін мінсіз атқарғандар арнайы марапаттармен және Алғыс хатпен де мадақталды.
ЕРКІН СӘКЕН, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:
— Мен өткен жылдың қысында Алматы қаласынан келдім. Көшедегі қауіпсіздікті бақыладық. Көктем кезінде тасқынның алдын алу шараларына қатыстық.
Сарбаздарды ата-аналары, туған-туыстары күтіп отыр. Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Алматы облысы мен Астана қаласынан келген жігіттер желтоқсанның 10-шы жұлдызынан кейін үйлеріне қайта бастайды. Яғни, ел қорғандары жаңа жылды жақындарымен қарсы алады.
МАРИНА ДУШЕНКО, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің төрайымы:
— Мен бұл әскери бөлімде бірнеше жыл кітапханашы болып жұмыс істедім. Сарбаздарға алдағы уақытта тек сәттілік тілеймін. Өзім қаншама жігіттің білімін арттыруға септігімді тигіздім деп ойлаймын. Жауынгерлер бос уақыттарында әрқашан кітапханаға келеді, кітап оқиды. Көбі Абайдың туындыларын сұрайды.
Үйлеріне қайтатын сарбаздардың жалпы саны 200-ден асады. Ал жақында Петропавлға бұл жігіттердің орнын басар жас жауынгерлер келмек.
Мәдина Қаби