Тасқынға тосқауыл! Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылы іргесінде орналасқан бөгетті нығайту жұмыстары жалғасуда. Қазір қорғаныс үйіндісі 30-дан астам арнайы техниканың күшімен кеңейтіліп жатыр. Сонымен қатар, бетон плиталар төселуде. Маңызды жобаны жүзеге асыруға 3 миллиард теңге бөлінді. Ауданы әкімі орынбасары Азат Ибраевтың айтуынша, бүгінгі таңда алаңдатарлық мәселе жоқ.
АЗАТ ИБРАЕВ, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
— Бүгінгі күні бөгетті нығайту және биіктету жұмыстары – 85, ал бетондау жұмыстары 50%-ға орындалды. Егер өткен жылы қорғаныс үйіндісінің ені шамамен – 8, ал биіктігі 3,5 метр болса, биылғы көрсеткіш 20-30 метрге және 8-8,5 метрге дейін жетіп отыр. Арадағы айырмашылық өте жоғары. Бөгет ауылды тасқыннан қорғайды деген сенімдеміз.
Тасқынның алдын алу жұмыстарын ауыл тұрғындары ұдайы бақылайды. Тұрар Таныбаев Прибрежное ауылында 20 жылдан астам өмір сүруде. Өткен жылдары екі аяғы бір етікке тығылған азамат бөгеттің салынғанына дән риза.
ТҰРАР ТАНЫБАЕВ, Прибрежное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Біз теңіз деңгейінен 8 метр төмен тұрмыз. Бізге осындай бөгет керек. Жұмысшыларға өкпе жоқ. Өзім ерте тұрамын, сонда жұмыс істеп жатқан жігіттерді көремін.
Жауапты мердігермен 2 жылдық шарт жасалған. Егер бөгет тасқынға шыдас бермесе, компания өкілдері шұғыл түрде мәселені жоюға жұмылдырылады. Жалпы, бүгінде Прибрежное ауылында 1500-ден астам адам тұрады.
Байболат Құлтанов