Абайлаңыз, көктайғақ! Күн райы бұзылып, жолдарды қатқақ басқалы тайып құлап, жарақат алған жерлестеріміздің саны артқан. Мәселен, жетінші желтоқсанда Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының жарақат пунктіне 127 адам түскен. Оның 80 пайызы – көктайғақтан зардап шеккен жандар. 46 адам қатты құлағаны соншалық, сүйектерін сындырып алған. Дәрігерлердің сөзінше, мұндай жарақаттар тез емделмейді.
— Көктайғаққа қарсы басты қару – асығыстық танытпау. Көшелермен ақырын, байыппен, абайлап жүру қажет. Одан қалды, қысқы етікті жиі ауыстырмау аса маңызды. Өйткені, аяқ жаңасына үйренгенше біраз уақыт кетеді. Ал арандап қалу – әп-сәттік дүние. Айта кету керек, мәселен, тобық сынса кемінде бір ай гипспен, балдақпен жүру қажет”, – деп хабарлады көпбейінді қалалық медициналық жәрдем ауруханасының баспасөз қызметі.
Петропавл қалалық әкімдігі көктайғақпен шама келгенше күресіп жатыр. Күнделікті шаһар көшелеріне құм мен тұз себіледі. Ресми мәліметтерге сәйкес, биылғы қысқа мұндай қоспаның 5 мың текше метрі әзірленіп қойған.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
— Сонымен қатар, 250 тонна көктайғаққа қарсы реагент дайындалды. Учаскелер бойынша күн сайын жолдарды тазалау мен күтіп ұстау жұмыстарына 170-ке жуық техника жұмылдырылған.
Айта кету керек, маңызды жұмыс қозғалыс саябырсыған уақыт – кешкі 8 бен таңғы 5-тің аралығында жүргізіледі. Бұл ретте билік өкілдері тұрғындардан көліктерін түнгі уақытта көше бойына қоймауларын сұрайды.
Нұрасыл Ахмет