СҚО әкімдігі

Облыс әкімі депутаттар алдында есеп берді

Ағымдағы жыл несімен есте қалмақ? Қандай жұмыстар атқарылды? Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов депутаттар алдында есеп берді. 10 айдың ішінде өңір экономикасы алға басқан. Ең негізгі сала – ауыл шаруашылығы. Мұнда жалпы өнім көлемі 878 млрд 300 млн теңгені құрады. Биыл мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешеніне зор қолдау көрсетілді. Бөлінген қаржының арқасында 340 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды, 66 млрд теңгеге машина-трактор паркі жаңартылды. Аталған көмек пен жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында мол көлемде астық жинадық.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Майлы дақылдар алқабын 1 млн гектарға дейін ұлғайттық. Биыл диқандарымыз 6,5 млн тонна астық жинады. Орташа өнімділік 21,4 центнерді құрайды.

Облысымыз ет пен сүт өндірісінде де бірталай жетістікке жетті. Бұны марқая айта аламыз. Қазіргі таңда өңірде ақ өндірілетін 2 ауқымды заманауи ферма тұрғызылып жатыр. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында 10 мың басқа шақталған бірегей сауын қондырғысы бар кәсіпорынның құрылысы жүргізілуде. Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен өндіріс орны болып табылады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

—  Биыл облыста 68,5 мың тонна ет пен 334,9 мың тонна сүт өндірілді. 530 млн дана жұмыртқа шығарылды. Өңірде 110 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді.

Бүгінде аймақта 51 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 894 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорындар қолданысқа берілгеннен кейін 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Ғауез Торсанұлының сөзінше, өңірде халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған да ауқымды шаруа атқарылған.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Биыл халықты ауыз сумен қамту жұмыстарына 74 млрд теңге бағытталды. Оның 45 млрд-қа жуығы мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен бөлінді. Ағымдағы жылы 88 ауылды орталықтандырылған тіршілік көзімен қамтитын 4 сорғы станциясы іске қосылды. Сонымен қатар, биыл 1100 шақырым жол жөнделді. Оның 40 пайызы – республикалық маңызы бар жолдар.

Өндіріс, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, спорт пен мәдениет. Аймақ басшысы әр салаға жеке-жеке тоқталды. Атқарылған істі, алдағы жоспарды баяндады. Облыс әкімінің есебі жарты сағатқа созылды. Бұдан кейін депутаттар сөз алып, көкейде жүрген мәселелерді көтерді. Халық қалаулысы Владимир Эрман облыс орталығында заманауи әрі үлкен ерекше балаларды оңалту орталығының ашылғанын қалайды. Өңір жетекшісі бұйымтай жерде қалмайтынын айтты. Түйткілді шешу жұмыстары қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бұл – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі. Ендігі жылы Петропавлда ерекше балаларды оңалту орталығы ашылады. Мекеме Смағұл Сәдуақасов атындағы №2 орта мектептің маңында бой көтереді. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Маңызды іске 550 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Алқалы жиында жол жөндеу, жылу мен жарық беруді жақсарту мәселелері де көтерілді. Әр бағыт бойынша келелі ой мен кесімді пікір айтылды.

 

Нұрасыл Ахмет