Спорт

Тоғызқұмалақтан облыстық сайыс басталды

Шыдамдылық пен зейін, логикалық ойлау мен адамның есептеу қабілетін шыңдайтын дода. Бүгін шаһарда тоғызқұмалақ ойынынан облыстық чемпионат бастау алды. Сайыс екі күнге жалғасады. Оған өңірімізден жасы 14-тен асқан 70-ке жуық жас қатысып отыр.

МЕЙРАМБЕК ӨТЕНОВ, тоғызқұмалақтан СҚО аға жаттықтырушысы:

— Бүгінгі жарыс Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда өңірде жастар арасында тоғызқұмалаққа қызығушылық артып келеді. Осы мақсатта ұл-қыздарды даярлайтын бапкерлердің санын да арттырып жатырмыз.

Сайыс тоғызқұмалақтың классикалық түрінен өткізілуде. Барлығы – 7 кезең беріледі. Әр тур бір сағатқа созылады. Қатысушыларға ұялы телефон пайдалануға рұқсат етілмейді. Кабинет іші тып-тыныш. Әрқайсысы өзінің келесі қадамы мен қарсыласының ойынын мұқият қадағалауда. Қазір өз бағы мен бабын шалақындық Томирис Қатранова сынап көруде. Бойжеткеннің бүгінгі бәсекелесі – өзінің ауылдасы екен. Екеуі де оңай қарсылас емес. Қос арудың спорттың бұл түрімен айналысып жүргеніне біраз болған. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де бар.

ТОМИРИС ҚАТРАНОВА, сайысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:

Спорттың бұл түрімен айналысып жүргеніме 10 жылдай болды. Түрлі додаларда жеңіске жеттім. Республикалық мектеп лигасында екінші орын алғанмын. Ұлттық ойындар жарысында бірінші орын иелендім.

Облыстық чемпионатта жүлдегер атанған жандар республикалық жарыста өңір намысын қорғамақ. Дүбірлі дода келесі жылы өтеді деп жоспарланған.

 

Ақтолқын Солтанханқызы