Петропавлда Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің отырысы өтті. Алыстан ат терлетіп жеткен меймандардың мақсаты – бармақ басты, көз қыстылыққа қарсы пікір қалыптастыру, жең ұшынан жалғасқан індетке тұсау салу.
ЕРЛАН САИРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Біздің партияның, кеңестің негізгі мәселесі – жемқорлықты қабылдамау мәдениетін қалыптастыру, оның мүлдем алдын алу. Ол үшін біз қоғамда түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек, сонымен бірге жемқорлыққа қарсы алғышарт жасайтын әртүрлі келеңсіз тұстарды талқылаған абзал.
Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлықтың деңгейі төмен. Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясының арнайы әзірленген Жол картасы да маңызды рөл атқарып отыр. Маңызды құжат жүйелі жұмыстан тұрады.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
— Жыл ішінде өңірлік комиссиялар 105 мәселені қарап, 350 тапсырма берді, оның 94%-ы орындалды. 369 жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою үшін шаралар қабылданды. Сандық технологиялар – сыбайлас жемқорлықты азайтудың маңызды құралы. Қазіргі таңда өңірде мемлекеттік қызметтердің 99%-ы электронды форматта көрсетіледі, ал рұқсат беру қызметтерінің саны екі есеге ұлғайды. Азаматтарды қабылдау орталықтарының арқасында мемлекеттік органдардың ашықтығы да артты.
Жыл ішінде 9 мыңнан астам өтініш түскен, ал мемлекеттік қызметшілерге қатысты шағымдар 30%-ға азайған. Ерлан Сайыров жиынды қорытындылай келе, өңірдің дамуы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке, бюджет процестерінің ашықтығына және қоғамдық бақылауға байланысты екенін атап өтті. Кеңес экономиканың маңызды салаларында жемқорлыққа қарсы саясатты күшейту және «AMANAT» партиясының өңірлердегі жұмысын жалғастыру бойынша ұсыныстар қабылдады.
Жангельді Жамалиев