НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Орманшылардың жұмысы оңай емес. Мамандар көктем, жаз айларында ағаш егіп, отын босатса, қыста шырша күзетумен айналысады. Тиісінше, заңсыз әрекеттердің орын алуына жол бермейді. Міне, біз қазір “Қызылжар” орман шаруашылығына келдік. Мұнда желтоқсанның алғашқы күнінен шырша күзеті күшейтілген.
Жаңа жыл жақындаған сайын өңірде шырша саудасы қызады. Сатылатын қылқанжапырақтылар Ресейден әкелінсе де пысықайлар табысқа заңсыз жолмен кеңелуі мүмкін. “Қызылжар” орман шаруашылығында құрылған стационарлық бекеттер мен арнайы мобильді топтар мереке көркін келтіретін ағашты асқан қырағылықпен қорғайды. Табиғат жанашырлары 31-ші желтоқсанға дейін күні-түні кезекшілік жасайды. Тұрақты түрде рейдке шығады.
МАРГАРИТА МАТЮХИНА, “Қызылжар” орман шаруашылығының инженері:
— Шаруашылығымыздың жалпы ауданы 68 мың гектарды құрайды. Мекемеде барлығы – 67 адам жұмыс істейді. 30-ға жуық техникамыз бар. Барлығы тегеурінді. Қалың ұлпа түссе, қар кешкіш көлігіміз бар. Айта кетейін, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 4 жылды4 ішінде 6 млн көшет отырғыздық. 2027 жылы бұл көрсеткішті 10 млн-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
“Орман көркі – ағаш” деп бекерден-бекер айтылмаған. Қылқан жапырақтылар бір жылдың ішінде жайқалып шықпайды. Толықтай өсуіне ондаған жылдар қажет. Сол уақыт ішінде жасыл желекті көздің қарашығындай сақтайтын осы мамандар.
МҰРСӘЛІМ ӘЛІК, “Қызылжар” орман шаруашылығының орманшысы:
— Орман шаруашылығында еңбек етіп жүргеніме 12 жылдан асты. 2 сағат сайын аумақты аралаймыз. Орман маңында көлік тұрса бірден тексереміз.
Шындығын айтқанда, орманшылардың қоршаған ортаға қосатын үлесі өлшеусіз. Табиғат жанашырлары техникамен толық қамтамасыз етілген. Олар мына бекетке келіп, жағдайды орталыққа баяндап отырады. СҚО-да соңғы 4 жылдың ішінде заңсыз шырша кесу фактісі тіркелмеген. Тұрғындардың құлағына алтын сырға! Қылқанжапырақты рұқсатсыз кесілсе 100 АЕК, яғни 393 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Облыс бойынша маңызды науқанға 10 стационарлық бекет пен 90 мобильді топ жұмылдырылған.
Нұрасыл Ахмет