Биыл М.Жұмабаев ауданының еңбеккерлері биылғы жиым-терім науқанын жемісті аяқтап, рекордтық нәтиже көрсетті. Барлығы – 1 млн тонна өнім жиналған. Бұл – соңғы 10 жылда болмаған көрсеткіш. Осыған орай аудан әкімі Рахат Смағұлов жеткен жетістіктерді атап өтіп, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.
РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
— Жылдың соңын жақсы нәтижелермен аяқтап, ел игілігіне қызмет етуді жалғастырып келеміз. Бұл – сіздердің әрқайсысыларыңыздың қажырлы еңбектеріңіздің жемісі.
Аудандағы ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген жандардың бірі – “Қызылжар МТС Агро” серіктестігінің директоры Нәби Қабиев. Ол өз кәсібін 2015 жылы бастаған. Биыл агроқұрылым 9 мың гектар алқапқа майлы әрі дәнді дақылдар еккен. Қазіргі таңда еңбек ақталып отыр.
НӘБИ ҚАБИЕВ, “Қызылжар МТС Агро” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:
— Өткен жылы рапс, яғни, майлы дақылдарға көштік. 1-2 жылдың ішінде жақсы нәтиже көрсетіп отырмыз. Біз гектарына 26 центнер өнім алдық. 2022 жылы сүт-тауарлы фермасын аштық. Енді 2026 жылы оны үлкейту жоспарда бар.
Бүгінгі іс-шарада кәсіпорын иелері ғана емес, қарапайым механизаторлар да бар. Қанат Алибаев өзінің еңбек өтілін 90-шы жылдары бастаған. Техниканын тілін тапқан азамат “Возвышенское” кәсіпорнында жұмыс істейді.
ҚАНАТ АЛИБАЕВ, механизатор, М.Жұмабаев ауданы:
— Мен өзімнің еңбек жолымды Жданово ауылында бастаған едім. Кейін осы “Возвышенское” серіктестігіне келдім. Жұмысым өзіме ұнайды. Әріптестерім де өз жұмысына адал жандар. Бүгінгі жетістік – ауызбіршіліктің арқасы деп білемін.
Салтанатты шара барысында ауылдың гүлденуіне еңбегін сіңіріп жүрген үш үздік кәсіпорын иесіне аудандық бюджет есебінен су жаңа трактордың кілті табыс етілді.
Ұлан Ыдырыс