Облыс мектептері мен колледждерінде жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған “Қаржы сақшысы” интерактивті ойыны ойнатылуда. Шынайы өмірге негізделген тапсырмалар арқылы қатысушылар алаяқтардың шырмауына түспеуді үйреніп, әлеуметтік желідегі қауіпсіздік талаптарынан хабардар болады. Жобаны бірнеше мемлекеттік орган бірлесіп әзірлеген.
АСҚАР БАЛАҒАЗИН, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының аға жедел тергеушісі:
— “Қаржы сақшысы” ойынының басты мақсаты – оқушылардың білімі мен жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар, интернет-алаяқтықтың алдын алу.
Интерактивті ойын “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасы аясында әзірленген. Құрылған тапсырмалар балаға түрлі ақпаратты түсінікті әрі жеңіл етіп жеткізеді. Оқушылар “дроппер, алаяқтық, ақша аударымдары” сынды терминдермен де танысады.
ЖАНДОС МАНҚОШЕВ, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейі директорының орынбасары:
— Ойынға кірген кезде оқушылар өздеріне кейіпкер таңдайды. Оларға алдымен бейтаныс нөмір хабарласады. Ұл-қыздар оның алаяқ екенін бірден білуі тиіс.
Ойындағы сұрақтар айналамызда болып жатқан оқиғалардан алынған. Оқушылар логикалық сұрақтарға жауап беріп, тарсырмалар орындайды. Жоғарыда айтып өткендей, арасында “алаяқтардың қоңырауы” да қарастырылған.
АЛДИЯР ЖАНАЙДАР, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің оқушысы:
— Алаяқтар хабарласса бірден басып тастау қажет. Ойыннан осыны түсіндім. Мол мағлұмат алдым. Ақпаратты үйдегі ата-анам мен ата-әжеме айтатын боламын. Себебі, қуларға көбінесе аға буын өкілдері алданады.
Бірінші желтоқсаннан бастап “Қаржы сақшысы” ойыны республикалық деңгейде жүзеге асырылуда. Оқушылар 5 кезеңнен өтіп, ұпай жинайды. Дараланғандары ай соңында бағалы сыйлықтарға ие болады.
Нұрасыл Ахмет