ТЖ

35 жастағы ер адам жұмыс барысында қаза тапты

Петропавлда 35 жастағы ер адам жұмыс барысында қаза тапты. Ол өзге мекемеде қызмет ететін әріптесімен бірнеше метрлік бағанға мініп, интернет кабелін тартып жатқан. Сол сәтте екеуі де құлапты. Өкінішке қарай, ауыр соққыдан қызметкердің бірі оқиға орнында көз жұмған.

МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, Петропавл қаласы ПБ бастығы:

— Полиция еңбекті қорғау құқығын бұзу белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Дәлелдемелер жан-жақты қаралады. Соның нәтижелері бойынша түпкілікті іс жүргізу шешімі қабылданады. Жұмысшылар шамамен 2 қабатты үйден құлаған. Мұндай биіктікке арнайы құрал арқылы көтерілген.

Ал екінші қызметкер – 94-ші жылы туған. Ол жеңіл жарақат алған. Азаматпен оқиға орнына келген жедел жәрдем өкілдері тілдесіпті.

ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

— Алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ол кеуде тұсынан соққы алған, қолы мен шынтағы жеңіл жарақаттанған. Үйінде ем қабылдауға жіберілді.

Бұған дейін желіде екінші қызметкер ауруханаға жеткізілді деген ақпарат тараған еді. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

 

Байболат Құлтанов